Қазақстан Президенттігіне
кандидат Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары бүгін Петропавл
қаласында жалғасты. Қазақстан коммунистік халықтық партиясы орталық комитетінің
хатшысы «Мұнай Маш» акционерлік қоғамының жұмысшыларымен кездесіп, өзінің
сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Жиынға Солтүстік Қазақстан облысындағы штаб
өкілдері де қатысты.
«Біз қоғам дамуының біртұтас
материалистік теориясы ретіндегі марксизм-ленинизмнің ғылыми және идеологиялық
негізінде әрекет етеміз», - дейді қазақстандық коммунистер. Ел президенттігінен
үміткер Тұрғын Сыздықов бүгін Солтүстік Қазақстан облысындағы сайлауалды штабы
өкілдерімен кездесіп, осы мәселе жөнінде ой қозғады. Өңірлік штаб үміткердің
сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға тыңғылықты кірісіп кеткен.
Сергей Мартемьянов, ҚР
Президенттігіне үміткер Т.Сыздықовтың СҚО-дағы сайлауалды штабының жетекшісі:
Кандидаттың сайлауалды
тұғырнамасын халыққа таныстыру жұмысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Бұл бағытта
бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнаттық. Нақты жұмыс жоспары
бекітілген. Сол бойынша кездесулер өткізіп, іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз.
Бұл науқанға сенімді өкілдер жұмылдырылған.
«Мұнай Маш» акционерлік қоғамының еңбек
ұжымымен кездескен кандидат Сыздықов батыстық мәдениет пен құндылықтардың
келеңсіз ықпалына, сондай-ақ, тамақтану дәстүріне тоқталды. Батыстың жеңіл әрі
жылдам дайын болатын азығының зиянын тәтпіштеп айтып берді. «Мұндай асты
пайдалану ұрпақтың генотипіне келеңсіз әсер етуі мүмкін», - дейді коммунистер
партиясы орталық комитетінің хатшысы. Президенттіктен үміткер тұлға батыс
қоғамының өзге де проблемаларын назардан тыс қалдырмады.
Тұрғын Сыздықов, Қазақстан
Республикасы Президенттігіне кандидат:
Жалпы, бастыстың кемшіліктерін
мәдениет саласында көруге болады. Мысалы, кинематографияны алайықшы. Ондағы
барлық стандарттар зорлық-зомбылыққа, азғындыққа тәрбиелейді. Тек осының өзі
ғана батыстық өркениеттің дамуына көлеңке түсіріп отыр.
Тұрғын Сыздықовтың ойынша қазақ
қоғамы бас тартуы тиіс тағы бір дүние - батыстың кинотуындылары. Өйткені батыс
фильмдерінде қарапайым адами құндылықтардың құны көк тиынға айналды - дейді
үміткер.
Тұрғын Сыздықов, Қазақстан
Республикасы Президенттігіне кандидат:
Коммунизмнің негізін қалаған К.
Маркс пен Ф. Энгельс қоғамды жаңа коммунистік формацияға көшірудің теориясын
дәлелдеп берді. Біз бұл идеяны жалғастырып келе жатырмыз.
Тұрғын Сыздықовтың Солтүстік
өңірдегі үгіт-насихат жұмыстары бір ұжыммен шектеліп қалмайды. Президенттікке
кандидат ертең де облысты аралап, тұрғындарды сайлауалды тұғырнамасымен
таныстырады.
Айгүл ӘДЕПБАЙ