Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов сайлауалды бағдарламасымен Қостанай облысында

  • AstanaTV
  • 31 наурыз 2015
  • 1626

Мемлекет дамудың тағы бір бағдарына басымдық беруге тиіс. Ол - «жасыл вектор». Бүгін Қостанай өңірінде өзінің сайлауалды тұғырнамасының басым бағыттарын таныстырған Қазақстан Республикасы Президенттігінен үміткер Әбілғазы Құсайынов осы экологиялық бағытқа ден қойды. Кандидат өз бағдарламасында Қазақстанның ғана экологиялық ахуалын жақсартып қоймай, жасыл векторлы саясатқа жаһандық деңгейде назар аударуға үндейді.

Кандидат Әбілғазы Құсайынов елдегі экологияның жай-күйін экономикалық, саяси һәм әлеуметтік мәселелермен қатар қояды. Сондықтан үміткердің сайлауалды тұғырманасында саясаттың алғашқы үш бағытынан гөрі, соңғысына басымдық беріледі. Бір сөзбен айтқанда, Құсайынов бүгінгі биліктің көп қырлы саясатына «жасыл вектор» бағытын қосып, жаңалық енгізуді көздейді.

Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Экология - адамзат тіршілігінің маңызды факторы. Біздің айналамыздағының бәрі - табиғат, біздің өмір сүріп жатқан ортақ әлеміміз. Технология ілгері дамыған сайын, «жасыл» орта осалданып барады. Оған дәлел ретінде, топырағы құнарлы жерлердің тапшылығын атап өтуге болады.

Президенттіктен үміткер, экология мәселесін экономиканың көлеңкесінде қалдыруды үлкен қателік санайды. Экологиялық апаттар, оның ішінде жердің құнарсыздануы - астықты мемлекет Қазақстан үшін орны толмас шығын дейді. Жаһандық жылыну мәселесі де - Құсайынов саясатының күн тәртібінде.

Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

20 ғасырдан бері орташа ауа температурасы 0,74 градусқа өсті. Мұның үштен екі бөлігі соңғы отыз жылға тиесілі. Тұрақты температуралық көрсеткіштер ғасырлар бойы сақталып келген табиғат үшін - бұл үлкен өзгеріс.

Әбілғазы Құсайыновтың қоғамдық штабы таза ауа мен құнарлы жерді сақтауға, адамзатты қоршаған атмосфераны жақсартуға көңіл бөлу бастамалары арқылы көпшілік қолдауын таппақ.

Рүстем Жоламан, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың сайлауалды штабы жетекшісі:

Жасыл вектор үнемі таза ауа, құнарлы жер, ауыз су көздері мен Жер шарының атмосферасы сынды ең маңызды табиғат қорларының тапшылығы туралы өзекті мәселелерді меңзейді.

Кандидаттың сайлауалды штабы тұрмыстық түйіткілдерден де өзекті бола түскен экологиялық мәселелерді қарастырған Құсайыновтың «жасыл саясатын» әрбір қазақстандықтың жүрегіне жеткізуді көздейді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ