Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда қаржылық орталық құруға 20 миллион АҚШ доллары жұмсалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 31 наурыз 2015
  • 1500

Алматыда қаржылық орталық құру үшін 20 миллион АҚШ доллары қажет. Қаржы орталығы кем дегенде бір жылдан кейін ғана пайда әкелуі мүмкін. «Астана» телернасының тілшілері сұраған сарапшылардың пікірі осындай. Еске салсақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының 16-шы съезінде Алматыда қаржылық орталық құруды тапсырған болатын. Мемлекет басшысы бұл процестің ұзаққа созылып кеткеніне тоқталып, енді бұл іске жаңа қарқын беру қажеттігін айтқан. Алматының арнайы статусқа ие болуы қаншалықты тиімді? Бұл сауалға әріптесім Берік Хасенов жауап іздеді. 

Алматыға арнайы статус беріп, қалада ірі, өңірлік қаржы орталығын құру мәселесінің көтерілгеніне он жылдай уақыт өтті. Әлемдігі табысты қаржы орталықтарының мысалы жеткілікті. Лондон, Дубай, Сингапур шаһарларының атағы жер жарады. Ал Алматыны қаржы қордаланған қалаға айналдыру қарекеті неліктен сәтсіз? Экономист Айдархан Құсайыновтың пікірінше, бір себебі - айти-инфрақұрылымның уақытылы жасалмауында. 


Айдархан Құсайынов, экономист:

Менің ойымша, нақты заңнамалық базаның жоқтығы қол байлау болып отыр. Инвесторлар келді де, көрді: айти-инфрақұрылымды түрлі ұйымдар құрып жатыр. Неліктен олар осында тұрақтауы тиіс? Инвесторларда кепілдік, сосын сенім болмады.

Алматы аумағында таралатын арнайы заңнама - осы кепілдіктің негізі. Қаржыгерлердің ойынша, инвесторларды тарту үшін заң нормалары солардың қатысуымен жасақталуы тиіс.

Айдархан Құсайынов, экономист:

Бірақ біз инвесторларға барлығын ыңғайлы қылып жасап, артынан ұтылып қалуымыз да мүмкін. Бұл үлкен қауіп. Не ұтамыз, неден ұтыламыз? Заңнамалық нормаларды инвесторлармен бірге талқылап, ортақ шешім табу қажет.

Алға қойылған мақсатты орындау оңай емес, бірақ бұл соған тұрарлық шаруа, дейді сарапшылар. Егер ауқымды идея іске асса, Алматы Орта Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ аумағында ғана емес, әлемдегі ең ірі қаржылық орталыққа айналуы әбден мүмкін. Салық пен құжат айналымының азаюы отандық бизнеске де оң әсерін тигізбек. Ал, инвесторлардың келуі жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады және қазынаға түсетін салық көлемін арттырмақ. Одан бөлек, қалалық кәсіпкерлер палатасы Алматыға арнайы статус беру арқылы жемқорлықты жоюға болады деп санайды.

Артур Котенёв, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры:

Әлемдік дағдарыстан қауіп жоғары. Сондықтан біз бірінші орында кәсіпкерлер үшін барлық әкімшілік кедергілерді алып тастауымыз қажет. Ал, мұндай кедергілер жетерлік: салықтан бастап, құжаттарды тапсыруға дейінгі процесте. Кәсіпкерлер үшін ең басты кедергі  - жемқорлық. Егер біз әкімшілік қағазбастылықты, түрлі нормаларды қысқартсақ, автоматты түрде жемқорлық мәселесін жоямыз.

Көпке танымал кәсіпкер Серікбай Бисекеев 16 жасынан бастап бизнеспен айналысқан. Қазір оның компаниясының кеңселері әлемнің әр елінде бар. Өзі соңғы жылдары Сингапурде өмір сүріп жатыр. Егер Алматыда қаржы орталығы ашылса, кәсіпкер Қазақстанға әріптес инвесторларды шақыруға дайын. "Бірақ ол үшін жағдай жасалуы тиіс", - дейді.

Серікбай Бисекеев, кәсіпкер:

Инвесторларға жағдай жасау қажет. Жақсы қонақ үйлер салыңыздар, инфрақұрылымды дамытыңыздар, көлік кептелісін жойып, экологияны жақсартыңыздар. Осы мәселелердің барлығы Алматыда бар. Бизнесмен үшін барлығы әуежайдан басталады. Бізде қызметкерлердің көбі ағылшын тілін білмейді, бизнес-класс санаулы, ақылы қызмет аз, паспорттық тексерісте үнемі ұзын-сонар кезек.

Сарапшылар есебінше, Алматыға арнайы статус беріп, қаржылық орталық құру 20 миллион АҚШ долларын қажет етеді. Оның өзінде пайда тек кем дегенде бір жылдан кейін түсе бастайды. Дегенмен ауқымды идеяның берері мол деген ойда. Тіпті әлемдік табысты орталықтардың тәжірбиесіне сүйенудің де еш әбестігі жоқ.

Берік ХАСЕНОВ