Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстандағы құжаттандырылған 25 мың әлеуметтік нысанның 77% мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайсыз

  • AstanaTV
  • 31 наурыз 2015
  • 1192

Қазақстандағы құжаттандырылған 25 мың әлеуметтік нысанның 77 пайызы немесе 19 мыңы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайсыз. Бүгін «Нұр Отан» партиясында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының белсенділері аталмыш нысандарды тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша кезекті рет кездесті.

Тексеру нәтижесіне сүйенсек, көбіне түрлі әлеуметтік нысандар құрылысына жауаптылар «Мүгедектердің құқықтарын қорғау» халықаралық конвенциясы талаптарына атүсті қарайтын көрінеді. Ал оларды қандай да бір жауапкершілікке тарту үшін, заң келте.

Ирина Аронова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әлеуметтік нысандарға қатысты құрылыс нормалары мен ережелерінің барлығы кеңес беру формасында болды. Сондықтан тіпті бүгінгі Әкімшілік кодексте қарастырылған айыппұлдарды қолдану мүмкін болмай отыр. Ал егер біз айтып отырған нормаларды жаңа заң жобасына енгізетін болсақ, заңның күшіне жүгініп, тиісті органдарды жауапкершілікке тартуға болады.

Алайда жиын барысында баяндама жасаған Ұлттық экономика министрлігінің құрылыс істері комитетінің басшысы Михаил Косачев бұл мәселе бойынша жағымды жаңалығымен бөлісті. 2015 жылдан бастап құрылыс нормаларының техникалық ережелеріне міндетті түрде нысандарды мүгедектерге арнап бейімдеу талабы енгізіліпті. Ендігі кезекте осы талаптардың орындалуын тиісті дәрежеде қолға алу керек дейді, әлеуметтік топ өкілдері.

Жадырасын Садуақасов, «Қазақстан мүгедектері конфедерациясы» ҚБ президенті:

Барлық кемшіліктерді газеттер мен сайттарға тізіп, жариялаймыз. Бірақ нәтижесіз. Біз қатысқан барлық тексеріс, рейдтердің қорытындысы бойынша тәуелсіз сарапшылар инспекциясын құру туралы ұсыныс жасап, оның жобасын да жазып қойдық. Алайда министрлік пен әкімшіліктен жауап жоқ. Түптің түбінде өз арамыздан құрылған тәуелсіз сарапшылардың қажет екендігін түсінеміз.

13 өңір қатысқан бейнежиналыста айтылған барлық орынды пікірлер парламент қарауындағы «Мүгедектердің құқықтарын қорғау» заң жобасына ұсыныс ретінде хаттамаға тіркелді. Ендігі кезекті белсенділер жарым жандардың кедергісіз келешегін заң жүзінде қамтамасыз етуді көздейді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ