Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада Қазақстан-Венгрия бизнес форумы басталды

  • AstanaTV
  • 01 сәуір 2015
  • 1247

Қазақстан мен Венгрия үкіметтері стратегиялық кеңес пен ортақ қаржыландыру қорын құрмақ. Бұл туралы Қазақстан-Венгрия бизнес форумында Венгрия Cыртқы істер және сауда министрі мәлімдеді.

Оның айтуынша, ортақ қаржы қорында 40 млн доллар қордаланбақ. Әр тарап 20 млн доллардан құяды. Бұл қаражат екі ел компанияларының әріптестігіне қаржылық негіз болмақ. Екі ел арасындағы сауда айналымы соңғы 5-10 жылда 200 млн долларды құраған.

Алайда венгрлік министр мұның аз екенін айтты. Оның ойынша, бұл санды ұлғайтуға екі елдің де әлеуеті жоғары. Шетелдік мейман Қазақстанды аймақтағы экономикасы қарқынды өсіп жатқан ел деп бағалады.

Ал Инвестиция және даму министрінің орынбасары Ерлан Сағадиев инвестициялық климатты жақсарту үшін жасалып жатқан шараларға тоқталды.

Ерлан Сағадиев, ҚР Инвестициясының даму және вице-министрі:

Біз ішкі және сыртқы инвесторларға өте қолайлы инвестициялық жағдай жасау үшін өзімізге жауапкершілік аламыз. Инвестициялық тартымды отыз елдің қатарына кіру мақсатында тиісті заңдарға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Жаңа заң аясында инвесторларға бірқатар салықтық жеңілдіктер беріледі.

Петер Сийярто, Венгрия Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі:

Біздің елге инвестиция құйғыларыңыз келсе, біз өте қолайлы инвестициялық пакет беруге дайынбыз. Гранттар беріп, оқуға және жұмыс орындарын ашуға субсидия бөлеміз. Венгрия шығыс нарығына инвестиция құюға әзір отырған шағын және орта бизнес өкілдерінің санын арттыруға ниетті. Қазір сыртқы нарықта жүрген кәсіпкерлер саны 3 мыңға дейін жетеді. Жақын болашақта бұл көрсеткішті 12 мыңға дейін арттыру жоспарымыз бар. Бұл жағдай екі елдің сауда қарым-қатынасына оң ықпалын тигізеді деген ойдамыз.

Инвестициялар және даму министрлігінің дерегі бойынша, 2005 жылдан 2014-ке дейін Мажарстаннан Қазақстанға құйылған тікелей инвестиция 70 млн АҚШ долларын құраған. Ал Қазақстан тарапынан Венгрияға жұмсалған инвестициялар ауқымы әзірге мардымсыз.

Бизнес форум қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп, мұнай, газ, сауда және қаржы, медициналық жабдықтар өндірісі кадр дайындау мәселелері бойынша екі жақты бірқатар құжатқа қол қойылады деп күтіліп отыр.

Айгүл ӘДЕПБАЙ