Русский Сайттың толық нұсқасы

Төмен несиемен темір тұлпарларды береміз деген уәде шындыққа жанаспады

  • AstanaTV
  • 01 сәуір 2015
  • 1370

Төмен несиемен темір тұлпар сату науқаны шегерілетін сынды. Бұрынырақ, сәуір айыннан бастап отандық автокөліктер қолжетімді бағада сатылады, деген ақпарат шыққан. Арнамыздың тілшілері бүгін автосалондарға арнайы барып, көлік бағаларын байқады. Бірақ өзгеріс жоқ. Автосалондар қызметкерлері қолжетімді көлік бағдарламасы нақты қашан бастау алатынын білмейтін болып шықты. 

Автокөлік салоны енді ашылған сәт. Келушілер қарасы қалың. Сатушылардың айтуынша, соңғы екі аптада жаңа көлік алғысы келетіндер  көбейген. Көпшілігі қолжетімді бағдарлама бойынша үстемақысыз төмен несиемен көлікті болғысы келеді. Виктор Магин арнайы осы күнді күтіп Риддер қаласынан облыс орталығына келді. 

Виктор Магин, Риддер қаласының тұрғыны:

6 пайызбен несиеге алу, бұл - өте жақсы мүмкіншілік. Артық төлем де төлемейсің. Бұрынғы 12-15 пайыз ауыр болатын. Көліктердің барлығы жақсы, отандық қой қайткенімен.

Бірақ Виктор Магин автокөлікті тіпті жылына 4 пайыздық несиемен де алуға болатынын естігенде, таңданысын жасыра алмады. Бұл ақпаратты автосалондағы қаржы кеңесшілері де растады. Тек, арнайы бағдарлама қай күннен бастап іске асатынын ешкім дөп басып айта алмады.

Ғалима Нұржанова, қаржы кеңесшісі:

Өкінішке орай, бұл бағдарлама әлі іске аспады. Десек те, халықтың қызығушылығы көп. Келіп кеңес сұрап жатқандар да аз емес.

- Ал қашан?

- Әзірге нақты қай күні екенін айтпады. Бірақ сәуірде деген.  Несие 4 пайызбен. Банк комиссиясынсыз.


Төмен несиемен отандық жеңіл көлікті алуға биыл Ұлттық қордан 15 миллиард теңге бөлінді. Бұл шамамен 4-6 мың автокөлік алуға жетуі тиіс. Бірақ бұл бағдарлама қашан бастау алар белгісіз. Автомобиль өндірушілердің өздері де білмейді.

Игорь Ульянов, автоорталық директоры:

Менің ойымша, сәуір ортасында бұл мәселе өз шешімін табады. Қаржы келіп түссін, рұқсат берсін, содан кейін жұмысты бастаймыз.

Бір сөзбен айтқанда, жаңа бағдарламаның басталуын көлік өндірушілер де, банктер де, қарапайым халық та күтіп отыр.

Берік ХАСЕНОВ