Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда ауыл шаруашылық көрме өтті

  • AstanaTV
  • 02 сәуір 2015
  • 1329

Қостанайда алғаш рет ауыл шаруашылық көрмесі өтті. «Агронауқан-2015» деп аталған ауқымды шараға еліміздің бірқатар облыстарымен қатар Ресей Федерациясының өкілдері қатысты. Көктемгі егіс науқаны қарсаңында ұйымдастырылған көрмеден өңір диқандары қажетті соқа-саймандары мен техникаларын тапты.

Тобыл өңірінде тұңғыш рет өткен көрмеге Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарымен қатар Ресейдің іргелі ұжымдары қатысты. Барлығы 60  кәсіпорын төрт бағыт бойынша өз өнімдерін диқандар назарына ұсынып, соңғы үлгідегі ауыл шаруашылық техникаларының мол мүмкіндіктерін көрсетті.

Алдағы уақытта ауқымды шара аймақтың барлық аудандарында өткізіледі-дейді ауыл шаруашылық басқармасының өкілдері.

Орал Нұрғазин, Қостанай облыстыұ ауыл шаруашылық басқармасының бастығының орынбасары:

Кейбір ауыл шаруашылық өкілдері осында келісім-шарттар жасап жатыр. Біраз жаңа технологияларды көріп. Көрмеге келген аудандық ауыл шаруашылық бөлімі мен әкімдер біраз жаңалықты естіп білді. Енді осы көрмені аудандарды өткіземіз.

Көрмеге келген шаруалардың көбісі қалаған техникасын осы жерден тауып, оңтайлы бағамен сатып алуда. Владимир Дранчук  жаңа үлгіде құрастырылған дестелегішті көптен бері кездестірмепті. Енді осы құралдың көмегімен қар астында қалған астықты түгел жинап аламын деген үмітте.

  Владимир Дранчук, диқан:

Өткен жылы өнімнің жартысы қар астында қалды. Енді оны қарапайым дестелегішпен жинау қиын, шығыны көп. Ал мына жаңа үлгідегі  техника астық сабағын көтеріп, өнімді тегіс оруға тиімді екен.

Ал, Аман Аянов биылдан бастап ірі қараның басын көбейтуді қолға алдым -дейді. Ол - енді мал қора салуды жоспарлап отыр. Шаруа қожалық иесі бүгін жергілікті кәсіпорынмен келісім-шартқа отырып, арзан және аса төзімді материалдан құрастырылатын қора сатып алуға бел буыпты.


Аман  Аянов, Шаруа қожалық басшысы:

Жергілікті материалдан салады және құны 5 миллион әрі тез уақытта салып береді. Бұл өзі мал қораға арналған проект екен. Ауыл шаруашылық  көрмесінде аймақ басшысы диқандарға мал азығының түрі мен сұрпын көбейтуді ұсынды. Қазіргі таңда барлық күш-жігер мен қаражат астық алқабына жұмсалып, жем-шөп мәселесі соңғы кезекте қалып қояды. Төрт түліктің санын көбейту үшін мал азығын молынан дайындау керек  -дейді облыс әкімі.

Нұралы Сәдуақасов, Қостанай облысының әкімі:

Қазіргі кезде  мал шаруашылығының өндірістік секторында небәрі 170 мың ірі қара бар. Ал бұрын біздің өңірде 1 миллионға жуықтайтын. Облыста  900  шаруа мал өсіреді. Солардың 50 пайызы жем-шөп дайындауды дұрыс жолға қоймаған. Біздің ендігі мақсат -  шаруа қожалықтарына мал азығының түр-түрін дайындауды үйрету.

Көрмеде бас қосқан өңір диқандарының басым бөлігі көктемгі егіс науқанына сақадай-сай екендіктерін аңғартты. Тұқым да бар, жанар-жағармай да жеткілікті дейді.

Заңғар САНАЙ