Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркия премьер-министрінің сапары

  • AstanaTV
  • 06 ақпан 2016
  • 1738

Бүгін Астанаға Түркияның премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлы келді. Сирияда біздің солтүстіктегі көршіміз де қатысқан, мемлекеттердің мүдде соғысы жүріп жатқанда ресми Анкараның жоғары шендісінің сапарына «кезекші», «кезекті» деп қарай алмаймыз.   

Ахмет Дәуітоғлыны Президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Мемлекет Басшысының баспасөз қызметі хабарлағандай,  саясат та, экономика да сөз болған. Президент Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды тармағы Түркия екенін атаған. «Түркиямен ынтымақтастықтан ешқашан бас тартпаймыз» деген. Сондай-ақ, Түркияға байланысты геосаяси текетірестің елімізге де әсері барына тоқталып, тығырықтан шығатын жолдарды іздеу керектін айтқан.  «Қазіргі ахуалдың туу себептері әлі түсініксіз, Сирия мен Ирактағы текетірестер мұсылмандардың ауызбіршілігі жоғын көрсетіп отыр. Батыста болжанғандай, сүнниттер мен шейіттердің арасында қақтығыс болуы мүмкін». Н.Назарбаев, Түркия мен Ресей қарым-қатынасындағы дағдарыстың да еліміз үшін үлкен проблема болып отырғанын айтқан...

Бостан Джемилоғлы, сарапшы:

Бұл жағдай тек Түркия мен Ресейге тиесілі дей алмаймыз. Оның айналасындағы көрші елдерге де кері әсері көп. Сондықтан біздің билік Қазақстанмен де бар байланыс төмендеп кетпесін деп үкімет жетекшісі арнайы ресми сапармен барып отыр. Себебі, күн өткен сайын Түркияның серіктес елдері азайып барады.  Премьер министр Ахмет Дәуітоғлы Қазақ еліне жасаған сапарында саясаттан гөрі экономикалық тақырыпта келіссөз жүргізеді деп ойлаймыз. Өйткені біз Қазақстанның ұстанымын жақсы білеміз. Әлем елдері арасындағы талас-тартысқа араласа бермейді. Керісінше, барлық мәселені бейбіт жолмен реттеудің жолын ұсынады. Меніңше, бас министріміз Дәуітоғлы сіздерден астық, яғни бидай сатып алу жағын сөз етуі мүмкін. Өйткені, бұған дейін Ресейден тасымалданатын. Енді соның орнын толтыру керек.

Қазір Сириядағы ахуал тіпті күрделініп кеткендей. Сауд Аравиясы Түркиямен ынтымақтаса отырып, Сирияға әскер кіргізуі мүмкін екенін  The Guardian басылымы жазды.  Осыдан бірнеше апта бұрын екі ел әскери қимылдарын үйлестіретін орган құрған. Эр-Рияд ДАИШ содырларын тек әуеден атқылап жеңу мүмкін емес- дейді. Ал Пентагонның басшысы  Эштон Картер бұл ұсынысты құптап, мәселені сауд шенеуніктерімен осы айдың ішінде  Брюссельде талқылайтынын мәлімдеген. 

Негізі Сириядағы терроршыларды АҚШ бастаған коалиция ғана емес /оған 50 –ден аса ел кіреді/, Иран мен Ирак және Сирия президенті Башар Асадтың қолдауымен Ресей де әуеден бомбалайды. Ал Ресейдің осы әрекеттері Түркиямен «қырық пышақ» болуына апарды және ол текетірес ұлғайып барады.

Егер Сауд Арабиясы мен Түркия Сирияға жаяу әскер кіргізсе, жойқын өрт лап етпей ме? Сириядағы соғыс негізі содырлармен емес, бірнеше мемлекеттің мүдде соғысы.

Бостан Джемилоғлы, сарапшы:

Сирияның қазіргі жағдайына қарап үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кете ме деген қауіп бар. Себебі, ол елде тек Башар Асадқа қарсы соғыс жүріп жатқан жоқ. Алыптар арасында атыс-шабыс. Егер Иран, Ресей, Сауд Арабия және Түркия Сирияға армиясын кіргізетін болса, дәл осы елдер арасында да Шам жерінде соғыс басталуы мүмкін.