Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда автотұрақ қызметкерін атқан азаматқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды

  • AstanaTV
  • 03 сәуір 2015
  • 1492

Алматыда автотұрақта оқ атқан азаматқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Бұл жолы Иван Хуторной «жала жабу» дерегі бойынша айыпталып отыр. Қазір ол уақытша оқшаулау абақтысына қамалған.

Бұл туралы қалалық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек хабарлады. Полиция өкілінің айтуынша, айыпкер ақпарат құралдарына жалған ақпар таратқан. Яғни, өзіне қатысты қылмыстық іспен айналысып жатқан тергеуші ақша талап еткенін мәлімдеген.

БАҚ беттерінде жарық көрген материалдан кейін Ішкі істер органдары ішкі тексеріс ұйымдастырып, лауазымды тұлғаға негізсіз жала жабылды деген қорытынды шығарды. Хуторной осыдан кейін қамауға алынған. Енді айыпкердің ісі бойынша шешімді сот шығаруы тиіс.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД Баспасөз қызметінің жетекшісі:

ҚК бұл бабының санкцияларына сәйкес 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделіп отыр. Қазіргі таңда бұлтартпау шарасын тағайындау үшін сотқа жөнелтілетін болады. Атап өтетініміз азамат Хуторнойға қатысты қазіргі таңда екі қылмыстық іс тергелуде.

Еске салсақ, 14-наурызда Алматыда Иван Хуторной автотұрақ үшін ақы төлеуден бас тартып, ондағы қызметкермен жанжалдасып қалған. Арты төбелеске айналып, Toyota  автокөлігінің жүргізушісі сол жерде тапаншадан оқ атқан еді.

Салдарынан 1995 жылы туған бір  азамат жараланды.

Берік ХАСЕНОВ