Русский Сайттың толық нұсқасы

Иранның ядролық бағдарламасына байланысты тараптар тарихи шешімге қол жеткізді

  • AstanaTV
  • 03 сәуір 2015
  • 1226

Ал ирандықтар мәре-сәре. Швейцарияның Лозанна қаласында халықаралық ықпалдастық «алтылығы» мен Иран Ислам республикасы ядролық бағдарламаға қатысты тарихи шешімге қол жеткізді. Тараптар 12 жылдан бергі даулы мәселеге ақыры нүкте қойды.

Келісім туралы хабар тараған бойда Иран жұртшылығы көшеге шығып, тойлауды бастап кетті. Олар бірнеше жыл ел экономикасының дамуын тежеген санкциялардың босайтыны туралы хабарды естіп, мәз-мейрам.

Шектеу салдарынан Иран халқы тұтыну тауарлары мен дәрі-дәрмектен тарыққан. Лозаннада қабылданған құжатқа сәйкес, Тегеран уран өндіру қондырғысын 19 мыңнан 6 мыңға азайтады және өндіріс желісі МАГАТЭ үшін ашық болуы тиіс.

Сондай ақ алдағы 15 жыл бойына Иран уранды 3 пайыздан артық байытпауға келісім берді. Есесіне батыс экономикалық санкциялардан босатады. Елдің Сыртқы істер министрі Джавад Зариф Тегеранның әлемдік ядролық отын нарығына шығатынын мәлімдеді.

Джавад Зариф, Иран Сыртқы істер министрі:

Біз инновациялық өндіріске көшеміз. Әлемдік нарыққа шығамыз. Байытылған уранды табиғи уранға алмастырып сатамыз. Біз өткен түнде 9 сағат бойы бекер келіссөз жүргізген жоқпыз. Құжаттағы міндеттер түгел орындалады. Бұл біздің қарым-қатынасымызды оңалтып, алдағы уақытта тығыз жұмыс істеуге негіз болады деп сенемін.

Мөлдір ДЮСЕКИНА