Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы белсенділері осы күндері Алматы облысында

  • AstanaTV
  • 06 сәуір 2015
  • 1220

Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы белсенділері осы күндері Алматы облысында. Үгіт тобы жергілікті тұрғындармен кездесіп, үміткердің сайлауалды бағдарламасын кеңінен насихаттады. Кездесуге жиналғандар Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде жариялаған бес институционалды реформасын толық қолдайтындарын айтты. Олар бұл стратегиялық бағыттар елдігімізді бекемдей түсеріне сенімді. 

Еліміздегі даму қарқыны зор, халық саны жылдан жылға артып келе жатқан, ірі аймақтардың бірі - Алматы облысы. Өңірдің экономикалық әлеуеті жоғары әрі көп салалы: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік пен байланыс құрылымдарынан тұрады. Облыс Еуропа, Азия және Америка құрлықтарының қырық шақты елімен сауда қатынасын орнатқан. Қайта жанданып жатқан  ұлы «Жібек жолы» да осы өңірден өтеді. «Осы орайда аймақтағы транспорт инфрақұрылымын дамыту ісі басты назарда. Кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасында осы мәселеге кеңінен көңіл бөлінген», - дейді штаб мүшелері.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, президенттікке кандидат Н. Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы жетекшісі:

Елбасы ұсынған ғажайып жобалардың арқасында дәл осы порт қасиетті қазақ жерін шығысында Тынық мұхитқа, батысында Батыс Еуропа арқылы Атлант мұхитына, темір жол арқылы Маңғыстау, Иран, Парсы шығанағы, Араб теңізі арқылы Үнді мұхитына жалғайтын болады. Қазақ жерінің бабаларымыз армандаған қасиетті жобалары дәл осы жерден бастау алады.

Алматы облысында әсіресе ауыл шаруашылығы саласы дамыған. Өңірдің қолайлы ауа райы мен құнарлы жері елімізді жеміс-жидек және көкөніспен толықтай қамтуға мүмкіндік береді. Жалпы Жетісу жері күллі Қазақстанның қарнын тойдыра алады деп, Елбасы бірнеше мәрте айтқан.

Ғани Қалиев, «Ауыл» партиясының төрағасы:

Ол кісі жетістікті жақсы ойлап жатыр, кемшіліктің де тегісін біліп отыр. Сондықтан кім жөндей алады қазір? Әрине, ол кісіден артық жөндей алатын ешкім жоқ. Біз Елбасын бірауыздан қолдап, дауыс беруге шақырамыз.

Алматы облысының жұртшылығы қашан да саяси шаралардан тыс қалған емес. Осының дәлелі ретінде кандидат Назарбаевты қолдау форумына жиналғандар қарасы мол болды. Үгіт тобымен кездескен мыңдаған адам бірауыздан саясатымыздың тұрақты, экономикамыздың қуатты болғанын қалайтындарын, саяси таңдау жасауда осыны мақсат тұтатындарын мәлімдеді.

Жұрағат БАМАН