Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда көп қабатты үйдің шатыры опырылып кетті

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2015
  • 1172

Оралда бес қабатты үйдің шатыры опырылып, ортасына түсті. Тұрғындардың сөзінше, төбе жабыны еріген қардың салмағын көтере алмаған сыңайлы. Енді үй иелері, әсіресе жоғары қабаттың тұрғындары не істерін білмей, дағдарып отыр. Жаңбыр жауғанда, төбеден аққан су пәтерімізге кіре ме деп қауіптенеді. Шарасыз күйде қалған олар қала әкімдігіне барғанымен, еш нәтиже шықпағанын айтады. 

Айгүл Рысбаева:

Плотник  келді де, мұнда қауіпті дегенді айтты. Менің бала-шағам бар. Мен мінбеймін дедім. Сонымен кетіп қалды. ПИК өкілдері өздеріңіздің ақшаларыңызға істеңіздер бәрін. Модернизация бойынша келісім құжатқа қол қойсаңыздар,  сонда ғана сөйлесеміз дейді.

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары шатыры бүлінген үйдің салынғалы бері жөндеу көрмегенін мойындады. Дегенмен, бұл ғимаратты тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша жөндетуге болады деп отыр. Бағдарлама басталғалы, яғни  2011 жылдан бері, 60 үй күрделі жөндеуден өткен. Тек Орал қаласының өзінде осындай жөндеуге зәру 200-дей үй бар.

Миржан Нұртазиев, Орал қалалық ТҮКШ және АЖ бөлімінің сектор меңгерушісі:

Аталған үйде 100 пәтер бар, 100 пәтердің 60 пәтері келісімін беріп, қолдарын қойып, қалғаны енді тағы да 10 пәтер келісімін берген жағдайда, аталған үйге жөндеу жүргіземіз. Және қазіргі уақытта қосымша аталған үй бойынша құжаттарды сметалық-жобалау жұмыстары басталып кетті.

Еркін КАРИН