Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттіктен үміткер Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды штабының жұмысы қызды

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2015
  • 1505

Қазақстан Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов Астанадағы «Тұран» университетінде сайлаушылармен кездесті. Үміткердің сайлауалды штабының жұмысы өңірлерде де қызу жүріп жатыр. Коммунистердің Қостанай мен Петропавл қалаларында сайлауалды штабтарының жұмысы жанданып, сенімді өкілдер халықты өз үміткерлерінің сайлауалды тұғырнамасымен кеңірек таныстырып жатыр. Әсіресе, «Батыс мәдениетінің келеңсіздіктері мен ықпалына» ден қоюда. Бұл кандидат Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында басымдық берілген тақырып.

Астанадағы «Тұран» университетінде өткен кездесуде  президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов өзінің сайлауалды тұғырнамасында батыс мәдениетінің кемшін тұстарына баса мән берілгенін айтты. Қазақстан коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы «батыс мәдениеті бизнеске айналды, оның жоғары критерийлері - тек материалдық құндылықтар» деген ойымен бөлісті.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Біздің сайлауалды бағдарламамыз батыстық жалған мәдени құндылықтарды қабылдамауға негізделген. Батыс мәдениеті бизнес саласына айналып кетті. Бұл бәйгеде тек бағытсыз, арсыз адам ғана жеңіске жетеді. 

Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды штабының белсенділері бастыстың қолма-қол даярланатын фаст-фудтарынан мүлдем бас тартуымыз керек дегенді айтады. Зорлық-зомбылықты насихаттайтын батыс фильмдеріне де ел аумағында тыйым салу керек деген ұстанымда. 

Марат Әубәкіров, ҚКХП Астана қалалық комитетінің бірінші хатшысы:

Батыстық фильмдердің басым бөлігінде өмір мен адамдарға деген тұтынушылық қатынас дәріптеледі. Бұл насихаттың басты мақсаты - адамды қалыпты өмір сүруге  емес, байлыққа ұмтылуға және  тойымсыздыққа тәрбиелейді.  

Қазақстан коммунистік халық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары өңірлерде де қызып жатыр. Президенттіктен үміткер Тұрғын Сыздықовтың Солтүстік Қазақстан облысындағы штабында тұрақты түрде 4 адам жұмыс істейді. 14 сенімді өкілі бар.

Сергей Мартемьянов, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың аймақтық сайлауалды штабы жетекшісі: 

Біз әлеуметтік желілер арқылы да ҚР Президенттігіне кандидат  Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасын насихаттауды қолға алдық. Және үміткердің ұстанымы жайында жан-жақты мағлұмат беріп, марксизм-ленинизм қағидаттарымен таныстырудамыз.

Тұрғын Сыздықовтың Қостанай облыстық штабында да жұмыс  қауырт. Белсенді коммунистер Қостанайдағы ірі кәсіпорын ұжымдарымен кездесіп, бағдарламаларын таныстырды.

Алпысбай Әлімбаев, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың Қостанай облыстық штабы жетекшісі: 

Өз халқымыздың мәдениетін, өз халқымыздың тамағын, өз халқымыздың өнерін, соларды дамытуға көңіл салса деген сол платформамен біздің алдымызда үміткеріміз сөз сөйледі. 

Қазақстан коммунистік халықтық партиясының Қостанай облысы бойынша 13 бөлімшесі бар. Үгіт-насихат жұмыстарына  барлығы елуге тарта адам жұмылдырылды. Штаб мүшелері өз үміткерлерінің батыс мәдениетінің кері әсерімен күреске ден қойған тұғырнамасын барлық өңірлерге жеткізуге дайын.

Айгүл ӘДЕПБАЙ