Русский Сайттың толық нұсқасы

Сенаторлар букмекерлік кеңсе қызметін реттеуді қарастыратын заң жобасын қайта түзетуге жіберді

  • AstanaTV
  • 08 сәуір 2015
  • 1368

Құмар ойындарына қатысты заң жобасы сенат қабырғасында қызу талқыланды. Букмекерлік кеңсе қызметінің мемлекет тарапынан реттелуін көздеген заң жобасындағы бір «анықтама» сенаторлардың осы құжатты әзірлеушілердің кәсібилігіне күмән келтіруіне дейін апарды. Депутаттардың ашуын тудырған анықтама және заң жобасын әзірлеушілер күресі жайында Азамат Алдоңғаров тарқатады. 

Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы бәстесуге құмартқандардың қалтасын қаққан сауықты құртуды емес, керісінше оны заңдастырып, ойын қызығына батқандардың ұтылған ақшасын қазынаға құюды қалайды. Бұған дейін «Лоторея ойындары туралы» заң жобасымен мәжілісті бір шулатқан министрдің бұл жолғы «Ойын бизнесі» туралы заңға енгізгісі келетін өзгерістерін сенаторлар түсіне алмай әлек болды.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Тотализатор немесе букмекер кеңсесінің кассалары тұрғын емес үй жайларда орналастыруға тиіс дейсіздер. Тұрғын емес үй жай дегеніміз - бұл тұрғын үйлердің адам тұрмайтын бірінші қабаты. Ал екінші тармағымен тұрғын емес үй жайларда орналасуға болмайды дейсіздер. Қарама-қайшылық көзге көрініп тұрған нәрсе.

Сенатор Еңсегенов байқаған қайшылық ойын бизнесі нысандарының орналасуына байланысты. Депутат «тұрғын және тұрғын емес» деген анықтама қай заңмен реттеледі деген сауалдың жауабын іздеді. Алайда министрліктің заңгері тілдік тосқауылға тап болды.

Заңның шикі тұсы көп деген сенаторлар оның қабылдануын 1 жылға шегеруді ұсынды. Депутаттардың пікірінше, жаңа заң букмекерлік кеңселерде қызмет ететін мыңдаған азаматты жұмыссыз қалдырғалы тұр. Алайда заң жобасын түзетуге онсыз да көп уақыт жұмсалғанын алға тартқан министр, бір сәт эмоцияға ерік берді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Соза беріңіз заңды. Налог та түспесін, жастарымыз бәрі казинода жүрсін, букмекерде жүрсін.

Асхат Күзеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Наши же доводы вы хотите повернуть против нас. Это не позволительно, с одной стороны, а с другой стороны, это в общем не логично. И это, я считаю, не соответствует уровню министра, если на то пошло.

Осылайша бұған дейін де 30 шақты өзгерту енгізіліп, қызу пікірталасқа негіз болған құжат қайта түзетілетін болды. Эмоцияға берілген әріптестерін сенатор Еңсегенов сабырға шақырды.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Если бы вы сказали здесь: мы понимаем, поддерживаем, но поддержите нас, следующий законопроект мы как-то исправим. Мы могли бы понять. Но нет.

Заң жобасы ертең Сенаттың кеңейтілген отырысында қаралады. Егер қолдау тапса, Президенттің қол қоюына жіберіледі. Ал министр бүгінгі талқылауға «қалыпты, жұмыс процесінде болатын жағдай» деген баға берді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Әрине, әр кезде бір пікірлер болады. Ол өте дұрыс, егер де жан-жақты пікірлер болмаса, заңның жақсы күйінде шығуы да екіталай.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ