Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар ауылдарын су басу қаупі бар. Бұл
жайында аймаққа жұмыс сапарымен барған Ішкі істер министрінің орынбасары
Владимир Божко айтты. Өткен күзде толассыз жауған жаңбыр мен қыста шамадан
тыс жауған қардан қазір жердің ылғалдылығы тым жоғары. Су қоймаларынан төніп
тұрған қауіп те жоғары.
Айта кетейік, Қызылжар өңірінде төрт су қоймасы бар. Аймақтағы төтенше
жағдай мамандарының пайымдауынша, Сергеев су қоймасындағы су деңгейі өткен жылғы
көрсеткіштен аспайды. Мұнда 3 млрд 400 млн текше метр су сияды. Министрдің
орынбасары өзге де өңірлердің ахуалын баяндады. Оның айтуынша, жергілікті билік
өкілдері судың астында қалуы мүмкін елді мекендерді құммен қоршай бастаған.
Мұндай шаралар Қарағанды мен Ақмола облыстарында қолға алынған.
Владимир Божко, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
Бес-алты күннен кейін ауа температурасы 15-18 градусқа дейін көтеріледі.
Яғни қар еріп, өзен-көлдерге ағылады деген сөз. Бірақ күндіз жылы болса, түнде күн
суық болып, қар онша тез ерімейді деп сенеміз. Десе де, әзірлік жұмыстары
мықтап қолға алынды. Қазір қосымша амал ретінде Ішкі істер әскері мен
қызметкерлерін дайындап жатырмыз. Олардың жалпы саны жүз отыз мың адамды
құрайды. Керек болған жағдайда, біз оларды су басқан аймақтарға жібереміз.
Абзал ҚҰРМАНКИН