Қазақстан президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық
қоғамдық штабы еліміздің оңтүстік өңіріне үгіт-насихат жұмыстарымен жетті.
Кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен танысқан жергілікті жұртшылық ел болашағы туралы өздерінің ұстаным-ойларымен бөлісті.
Қазақ деген ұлттың іргелі ел болып қалыптасуында оңтүстіктің орны ерекше.
Өз заманының озық сәулет өнерінің жәдігерлері күні бүгінге дейін сақталған
Түркістан қаласы еліміздің рухани астанасы атанып кеткен. Халық саны бойынша ең
үлкен өңірдің алдағы президент сайлауы науқанына қосар үлесі де салмақты.
Оңтүстік өңірде жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын 200-дей кәсіпорын бар.
Индустриалды өндіріс көрсеткіші бойынша да аймақ республикада көш бастап тұр.
Ірі кәсіпорындардың бірі - Кентау трансформатор зауыты.
Нұрбол Тілемісов, «Кентау трансформатор зауыты» сынақ бөлімінің басшысы:
Қазір еліміз қуатты, экономикасы дамыған елдер қатарында. Мемлекеттік саясаттың арқасында көптеген кәсіпорындар қайта жаңғыру жолдарын өтті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық штабы өкілдерімен кездесуге жиналған 3 мың
адамды біріктіретін бір мүдде - ол мемлекеттің бүгінгі саяси бағытына,
болашағына деген сенім. Халқының саны 3 миллионнан асатын өңірдің әрбір азаматы
Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елі қатарына қосуды міндет санайды.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ