Русский Сайттың толық нұсқасы

Кандидат Тұрғын Сыздықов Екібастұз қаласындағы сайлаушыларымен кездесті

  • AstanaTV
  • 08 сәуір 2015
  • 1492

Қазақстан Президенттігінен кандидат Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды үгіт-насихат штабы Павлодар облысының Екібастұз қаласында аялдады. Қазақстан коммунистік халық партиясының атынан сайлауға түскен кандидат Тұрғын Сыздықов «Горэлектросеть» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыскерлерімен кездесті. Басқосуда үміткер сайлауалды тұғырнамасының басты бағыттарын түсіндірді. 

Екібастұздағы «Горэлектросеть» серіктестігінің жұмысшыларымен кездескен кандидат Тұрғын Сыздықов өзінің сайлауалды тұғырнамасын жан-жақты түсіндіріп берді. Үміткер коммунистік партия батыс мәдениетінің келеңсіз ықпалына ерекше назар аударатынын атап өтті. «Батысша «билеп-төстеу» мен жалған жаңашылдық ғасырлар бойы қалыптасқан жалпы адамзаттық, этикалық нормаларды соңғы кезекке ысырып тастады», - дейді Тұрғын Сыздықов. Сонымен қатар, кандидат Қазақстанның коммунистік халық партиясының қызметі ғылыми социализм идеясын, марксистік-лениндік оқуды және прогресшіл қоғамдық ойларды негізге алатынын айтып өтті.


Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Марксизм - өміршең, бұл бәріне белгілі. Оның теориясы әлі күнге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Он тоғызыншы ғасырда негізі қаланған ілім қазір де заман талабына сай дамып келеді.

Тұрғын Сыздықовтың ойынша, батыс адамы бірте-бірте адамгершіліктен қалып барады. Коммунистің сайлауалды бағдарламасында ерекше көңіл бөлінген бағыт - батыстың тамақтану салты. Одан бас тарту жолы. «Тұрмыста тез-тағам тұрпайы индивидуализмнің нағыз сиықсыз түріне айналды. Осындай тағамдарды пайдалану ұрпақтың генотипіне келеңсіз әсер етуі мүмкін, біздің мақсатымыз - мұны жұртшылыққа кеңінен түсіндіру», - дейді кандидаттың сенімді өкілдері.

Ерлан Қорабаев, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың сенімді өкілі:

Біздің штабтың іс жоспары белгіленді. Соған сәйкес, сайлаушылармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Үгіт-насихат барысында сенімді өкілдердің аудан орталықтарына сапарлары жоспарланған.

Аймақтық штабтар жаңа технологиялардың игілігін кеңінен қолдануда. Әсіресе, әлеуметтік желілердің мүмкіндіктеріне жүгінген. Сонымен қатар, жергілікті ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатылыпты, яғни штаб жұмысы жолға қойылған. Үгіт-насихат штабтарының жұмысын пысықтаған Қазақстан коммунистік халықтық партиясы орталық комитетінің хатшысы Тұрғын Сыздықов осы жәйттерді де айрықша атап өтті.

Айгүл ӘДЕПБАЙ