Коммунизм
идеяларын еске түсірген коммунист кандидат. Қазақстан президенттігіне кандидат
Тұрғын Сыздықов Өскеменге барып, қаланың локомотив жөндеу зауыты жұмысшыларымен
жүздесті. «Капиталистік
қоғамның»
кей салттарын қатты сынайтын кандидат, жұмысшыларға мұхиттың ар жағындағы
өмірдің кем тұстары жөнінде баяндады.
Өзінің
сайлауалды бағдарламасында Батыстың өмір салтын қатаң сынайтын Тұрғын
Сыздықовтың көздегені - адамзатты сырттан келетін рухани азғындықтан, сырты
жылтыр, жалған құндылықтардан сақтау. Кандидат жұмысшылар алдында статистикалық
мәліметтерді көлденең тартты. Қазақстан коммунистік
халықтық партиясы орталық комитетінің хатшысы батыста туу көрсеткіштерінің төмендеуі,
халық денсаулығының нашарлауы, тіпті адамзат құндылықтарының арзандауы барлығы
тұтынатын тағаммен байланысты дегенді айтады.
Тұрғын
Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:
Батыстық
өркениет елдері ақыл-ес пен генетикалық аурулар рейтингінде көш бастап келеді.
Осылайша олар өздерінің тегін жоғалтуда. Бұған дұрыс өмір сүру салтын ұстанбай,
фаст-фуд
тағамдарын пайдалану себеп.
Батыс
қоғамынан неліктен сақтану қажет екенін өскемендік жұмысшылармен қатар
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан келген байқаушылар да
тыңдады. Олар кандидаттың сайлауалды тұғырнамасымен толық танысты. Адамзат үшін
қауіптің көзі, Сыздықовтың сөзінше, батыстың тіске басарынан бөлек, компьютерлік
ойындары, қатыгез кино, арзанқол әдеби шығармаларында да тұнып тұр. Үміткердің
бұл ойлары өңірлердегі штаб өкілдерімен де кеңінен насихатталуда. Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан
облыстарының өзінде ғана кандидаттың 26 сенімді өкілі бар.
Марат
Пірманов, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың сенімді өкілі:
Біздің
штабтың әр ауданда өзінің өкілдері бар, сенімді өкілдері. Бұның барлығы белсенді
жұмыс жасауда. Қазіргі таңда президенттікке
үміткер - Тұрғын Ысқақұлының қазіргі таңда платформасының негізгі бағыттарын
халыққа түсіндірудеміз.
Кандидаттың аймақтардағы
штабтары сайлаушылармен кездесіп қана қоймай, спорттық шаралар және сенбіліктер
өткізуді де қолға алды. «Марксизм-ленинизм құндылықтарының негізі де
бірінші, адамның, сосын қоғам мен қоршаған ортаның сауығуын көздейді», - деседі.
Азамат
АЛДОҢҒАРОВ