Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысының басым бөлігін топан су басты

  • AstanaTV
  • 13 сәуір 2015
  • 1406

Қарағанды облысының басым бөлігі топан су астында. Аймақтың 9 ірі ауданы аумағын су басты. Қар суынан Шет, Бұқар жырау, Абай, Қарқаралы, Нұра, Ақтоғай, Ұлытау, Жаңаарқа, Осакаров аудандарындағы 30-дан астам ауыл жапа шекті. Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған соңғы мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда 230-дай үйге сел кірген. Адамдар дін аман. Мал мен мүлік шығынын арнайы комиссия есептеуде. Қардың еруі салдарынан арнасынан тасыған Нұра өзенінің суы демалыс күндері Жұмабек, Ынталы, Сарытөбе ауылдарының ондаған үйлерін басып қалды. Жүздеген тұрғындарды қауіпсіз аумаққа жедел көшіруге тура келді. Қарағанды облысы бойынша көктемгі тасқыннан зардап шекен 700-ге жуық адам мектептер мен қонақүйлерге орналастырылды. Бүгінде олардың 123 -і ғана баспаналарына қайтып оралды. 14 мыңнан астам мал құтқарылды. Бос қалған үйлер мен аулаларды полицейлер қарауылға алды. Қазіргі таңда құтқару қызметтері 1 жарым мыңнан астам қап құмнан жасанды бөгеттер төсеп үлгерді. Алайда күннің күрт жылуы су тасқыны қаупін күшейте түсті. Сел басу қаупі төнген ауылдар саны күн санап артуда. Жағдайды қазір аймақтық жедел штаб қатаң қадағалауға алған.

Мұрат Қатпанов, Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары:

Нұра және Нұра-Шерубай өзендері тасып кетті. Бұл екі басты өзенге келіп құятын арықтар көп. Қарағанды маңындағы Соқыр өзені де арнасынан тасиын деп тұр. Одан әрі Құндызды өзені тағы бар.

Сондықтан Нұра ауданына ерекше қауіп төнуде. Нұра өзенінің арнасынан тасуы салдарынан жапа шеккен ауылдардың бірі -Сарытөбе. Топан сенбіден жексенбіге қараған түні шырт ұйқыда жатқан жұрттың шырқын бұзды. Алпысқа жуық үй мен оңалту орталығын, көлік жолдарын сел басып, 350 адамды темір жол арқылы көшіруге тура келді. Тұрғындар Көкпекті ауылындағы мектепке орналастырылды. Тасқынның күштілігі соншалық, адамдарды үйлердің төбесінен теріп алуға тура келген. Қазіргі күні ауылда су сорғызу жұмыстары жүргізілуде.

Ольга Мишина, Сарытөбе  ауылының тұрғыны:

Өте қорқынышты. Өзенге өте жақын тұратындықтан, үйіміз жермен жексен болды. Еңтеңе, тіпті киім де қалмады. Балаларымды киіндіріп, қашып шықтық. Жаңа ғана орналастық. Мұнда қашанға дейін тұратынымызды да білмеймін.

Айжан ҚУАШ