Қарағанды
облысында топан су басқан ауылдар саны артты. Тасқынның астында қалған
елді мекендер саны отыз беске жетті. Құтқарушылар 6 мыңнан астам тұрғынды
қауіпсіз аумақтарға көшіріп үлгерді. 25 мыңнан астам мал басы құтқарылды.
Төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, аймақтың 9 ауданында жағдай күрделі. Тасқынның беті әзірге қайтар емес.
Арнасынан
тасыған Нұра өзенінің суы жанындағы Сарытөбе ауылына көзді ашып-жұмғанша
жетті. Бірер минуттың ішінде алпысқа жуық үй мен оңалту орталығын сел басты.
Топан судың күштілігі сонша, көлік жолдарын түгелдей шайып кетті. 350 тұрғын
қауіпсіз жерге пойызбен әкетілген.
Баспасыз
қалған тұрғындарға көкпектіліктер қол ұшын берді. Топан судың зардабын
бастарынан кешкен олар, сарыөзендіктерді жергілікті мектепке орналастырыпты.
Ольга сол түні екі баласын алып, үйінен қашып шыққанын айтады. Сасқаным сонша,
балалардың киімінен басқа, ештеңе алмаппын дейді.
Ольга
Мишина, Сарытөбе ауылының тұрғыны:
Өте қорқынышты. Өзенге өте жақын
тұратындықтан, үйіміз жермен жексен болды. Ештеңе, тіпті киім де қалмады.
Балаларымды киіндіріп, қашып шықтық. Жаңа ғана орналастық. Мұнда қашанға дейін
тұратынымызды да білмеймін.
Топан
судан Қарағанды қаласының саяжай маңындағы үйлер де жапа шекті. Мұнда қардың
суы әлекке салды. Ақмарал Әлімбекованың
үйін өткен түні су басып қалған. Ал, өзін қайықпен аумақты барлап жүрген
құтқарушылар аман алып қалыпты.
Ақмарал
Әлімбекова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
Судың
деңгейі мына жерге жетті. Төсек-орын, киім-кешек барлығын су басты.
Шет
ауданының Ақсу ауылының тұрғындары топан сумен 3 күннен бері арпалысып жатыр.
Мұнда елудей үйді су басты. Ауыл ақсақалдары мұндай жағдай 30 жыл бұрын
болғанын айтады. Жергілікті халық құтқарушылармен бірлесіп, 2 мыңнан астам
малды аман алып қалған.
Бейбіт
Жұмабеков, Ақсу ауылының тұрғыны:
Әкімдіктің
көмегімен тұрғындар дер кезінде құрғақ жерге көшірілді. Адамдар дін-аман.
Малдарды да құтқардық. Бірақ жағдай әлі жақсарған жоқ.
Күннің
күрт жылуы жағдайды ушықтыра түсті. Төтенше жағдай департаментінің соңғы
ақпараттарына сүйенсек, Бұқар жырау, Шет, Жаңаарқа, Қарқаралы, Абай
аудандарында жағдай күрделі. Қазір 35 елді мекен селдің ортасында қалған.
230-дан астам үй суға толған. 6 500-ден астам адам көшірілген. 25 мың бас
мал құтқарылыпты. Бұл сандар қазір сағат сайын өзгеріп жатыр. Өйткені Қарағанды облысындағы өзендер арнасынан тасып, бөгеттер ағын суға төтеп бере
алмай отыр.
Мұрат
Қатпанов, Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары:
Қазір
Нұра және Нұра-Шерубай өзендері тасып кетті. Бұл екі басты өзенге келіп құятын
арналар көп. Қарағанды маңындағы Соқыр өзені де арнасынан тасиын деп тұр.
Ары қарай Құндызды өзені тағы бар. Сондықтан Нұра ауданына ерекше қауіп төнуде.
Аймақта
топан сумен 1 500-ге жуық құтқарушы күресуде. 400-ден астам техника
жұмылдырылған. Құтқару қызметтері 13 мың текше метр су сорды. Топырақтан 7
шақырым жерге жасанды бөгет тұрғызыпты. Ал, арнайы құрылған комиссия
тұрғындарға келген шығын көлемін есептеуге кірісті.
Айжан ҚУАШ