Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықовтың сенімді өкілдері Павлодар және Алматы облыстарында үгіт жұмыстарын жүргізді

  • AstanaTV
  • 13 сәуір 2015
  • 2161

Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықовтың сенімді өкілдері Павлодар және Алматы облыстарында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Үміткердің сайлауалды бағдарламасына батыс мәдениетінің кері ықпалы тақырыбы арқау болған. Осы орайда, Тұрғын Сыздықовтың сенімді өкілдері жергілікті халықты үміткердің тұғырнамасымен етене таныстырып, белсенді қызмет атқарып жатыр- деп, кандидаттың сайлау алды штабынан хабарлады. Ал кандидаттың өзі бүгін Республикалық қоғамдық комиссия өкілдерімен кездесті. 

Қазақстан президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды бағдарламасы жер-жерде кеңінен насихатталып жатыр. Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан ұсынылған үміткердің сайлау тұғырнамасымен Алматы облысының сайлаушылары да танысты. Бұл өңірде коммунистік партияның 6 мыңға жуық мүшесі бар. Облыстың 10 ауданында ұйымның өкілдіктері жұмыс істейді.Кандидат Сыздықовтың сенімді өкілдері  Алматы облысындағы бірқатар аудандарды аралады.

Олжас Ыбрайымов, ҚР Президенттігіне кандидат Т. Сыздықовтың сенімді өкілі:

Жастардың дені әлеуметтік желілерде отырады. Сондықтан, біз ғаламтор арқылы Тұрғын Сыздықовтың тұғырнамасын насихаттап, батыстың  компьютерлік ойындары мен фильмдері зорлық-зомбылық пен қаталдықты насихаттайтынын жеткізуге тырысып жатырмыз.

Ал кандидаттың Павлодар облысындағы штабында 19 сенімді өкіл жұмыс істейді. Сондай-ақ, өңірдің 14 ауданында Қазақстан коммунистік Халық партиясының бөлімшелері бар.  Саяси ұйымға 4 мыңнан астам азамат мүше. Олар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге белсенді атсалысуда.

Нұрлан Рақымжанов, ҚР Президенттігіне кандидат Т. Сыздықовтың Павлодар облысындағы сайлауалды штабы хатшысы: 

Агитационный материалды барлығын қаланың бөлінген жерлерінде таратып, мына халыққа жеткізіп, мына өзіміздің саясатымызды, платформамызды өткізіп жатырмыз.

Ал кандидат Тұрғын Сыздықовтың өзі бүгін Астанада Республикалық қоғамдық комиссия өкілдерімен кездесті. Үміткер сайлауалды штабтарының жұмысы жайында және сайлауалды тұғырнамасы төңірегінде әңгімеледі.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Мен сайлаушалармен кездесіп, біраз облысты араладым. Бірнеше кәсіпорындарда болдым, адамдардың тұрмысымен таныстым.

Ал, республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі Айқын Қоңыров үгіт материалдарының ақпарат құралдарында жариялу барысы туралы есеп берді. Айтуынша, науқан басталғалы ғаламторда 100, басылымдарда 20-дан астам материал жарық көрген.

Айқын Қоңыров, ҚР Президенттігіне кандидат Т. Сыздықовтың республикалық сайлауалды штабы жетекшісі:

Республикалықтан бөлек, бізде 14 облыстық және 2 қалалық сайлауалды штаб бар. Осылайша Қазақстанның бүкіл аумағын қамтыдық. Сонымен қатар, партияның жергілікті өкілдіктерінің жұмысына да мән беріп отырмыз.

Жиында кандидат Сыздықовтың үгіт тобы бүгінде еліміздің 5  облысын аралағандығы да айтылды. Штаб мүшелері сайлаушылармен барлығы 11 кездесу өткізген.

Жұрағат БАМАН