Қазақстандық сайлау учаскелерінде сайлаушылар тізімін реттеу ісімен 70 мыңға жуық адам айналысуда. Бұл туралы «Заманауи сайлау технологиялары: тәжірибе және практика» атты дөңгелек үстел барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев мәлімдеді. Айтуынша, бүгінде республикалық сайлаушылардың бірыңғай электрондық реестрінде 9 миллион 740 мыңнан астам адам тіркелген.
«Дауыс беремін деуші әрбір азамат egov.kz сайтындағы реестрден
өз аты-жөнін тауып алып, тіркелген учаскесінің мекенжайын анықтау
мүмкіншілігіне ие», - деді Сәрсембаев. Бүгінгі басқосуда сайлау процесі
бойынша шет елдердің тәжірибесі де талқыланды. Атап айтсақ, сайлау кезіндегі
ақпараттық технологияларды және әлеуметтік желілерді пайдалану мәселелері
қаралды.
Марат Сәрсембаев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының
мүшесі:
Бірыңғай тізім бар, оны реестр дейміз. Ол реестрдің ішінде барлық
біздің азаматтар, барлық сайлаушылар көрсетілген. Біз ақпараттық
технологияларды падаланып, сол деректерге сүйеніп, осы қай сайлаушы болсын, 9
миллионның ішіндегі сайлаушылар үш-төрт секунд ішінде өзін тауып алу
мүмкіншілігіне ие болады.
Сондай-ақ, бүгін Орталық сайлау комиссиясы шет елдер мен халықаралық
ұйымдардан тағы 44 бақылаушыны аккредиттеді. Комиссия мүшесі Татьяна
Охлопкованың айтуынша, бүгінге дейін халықаралық ұйымдар мен шет елдерден
барлығы 496 бақылаушы аккредиттелді. «Сыртқы істер министрлігі 31 елден
келген бұқаралық ақпарат құралдарының 134 өкілін аккредиттеді. Жалпы алғанда,
630 халықаралық бақылаушы мен шетелдік журналист аккредиттеліп отыр»,- деді
Охлопкова.
Татьяна Охлопкова, ҚР Орталық сайлау комиссиясының
мүшесі:
Халықаралық бақылаушылар еліміздің өңір-өңіріне сапарлап, сайлау
комиссиясының ұжымдарымен кездесулер өткізуде. Жалпы шетелдік бақылаушыларды
тіркеу 20 сәуірге дейін жалғасады. «Сайлау туралы» заңға сәйкес, сайлау күні
сайлау учаскеге Орталық сайлау комиссиясының куәлігін алған шетелдік бақылаушы,
сондай-ақ, отандық Сыртқы істер министрлігінің куәлігі берілген шет
мемлекеттердің журналистері ғана келе алады.
Жұрағат БАМАН