Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайыновты қолдау шаралары аймақтарда қарқынды жүріп жатыр

  • AstanaTV
  • 14 сәуір 2015
  • 1301

Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайыновты қолдау мақсатындағы үгіт-насихат шаралары аймақтарда қарқынды жүріп жатыр. Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында сенімді өкілдер үміткердің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін тұрғындарға түсіндіруде. Олар аудан-қалалардағы сайлаушылармен кездесіп, үгіт-насихат шараларының өз деңгейінде жүргізілуіне назар аударып отыр. Сондай-ақ кандидат Әбілғазы Құсайынов Ақтөбе қаласындағы сайлаушыларымен кездесу барысында өз тұғырнамасын жан-жақты түсіндірді.

Үміткер Әбілғазы Құсайыновтың Ақтаудағы облыстық штабында жұмыс қарбалас. Кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында айтылған экологиялық және өндірістік мәселелер халыққа кеңінен насихатталып, түрлі мекемелерде кездесулер ұйымдастырылуда. Бүгінге дейін арнайы орындарға Құсайыновтың 2 билбордты ілініп, үгіт парақтары таратылды.

Жалғас Бабаханов, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың Маңғыстау облыстық штабы жетекшісі:

Экологиялық жағдай біздің облысымызда көп еңбектенуді талап етеді деп ойлаймын. Себебі жер қазбаларымен біздің облыс өндірумен айналысатындықтан. Ғылыми негізде жұмыстар істеуді, жағдайын жақсартуға қызмет етуді талап етеді.

«Табиғи ресурстарды мақсатты әрі жоспарлы пайдалану біздің басты міндетімізге айналуы тиіс». Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов Ақтөбедегі көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің ұжымымен кездесуде осылай деп мәлімдеді. Өркендеген өндірістің экологияға тигізер теріс әсері мол.

Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Табиғат ресурстарын мақсатты әрі жоспарлы пайдалану, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, мемлекеттік бақылаудың жоспарлы жүйесін енгізу - ең басты міндетімізге айналуы тиіс.

Үміткердің сенімді өкілдері кандидат пен сайлаушылар арасындағы диалогтың ашық өтуіне жағдай жасады. «Әділ тартыс, боямасыз бәсеке - біз үшін басты мақсат», - дейді штаб қызметкерлері.

Айқиғаш Демекбаева, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың сенімді өкілі:

Әбілғазы Құсайыновтың алға қойған міндетінің бірі - экологиямыздың қауіпсіздігі, ірі кәсіпорындардың қауіпсіздігі. Әрине, экологиялық білімге үлкен мән беріп отыр.

Кандидат өз сайлаушыларына адамзатты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесінің де күрделі екенін жеткізді. «Жер шарындағы 7 миллиардқа жуық тұрғынның әрбіреуін таза, құнарлы жермен қамту - өте күрделі проблема», - деді. Қоршаған ортаны ластанудан қорғау, мемлекеттік бақылаудың жоспарлы жүйесін енгізу басты міндетімізге айналуы тиіс екенін де айта кетті.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА