Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов «Батыстың жалған идеясы жастарды ықпалына түсірмеуі тиіс» деген ұстанымын сайлаушыларға жеткізуде

  • AstanaTV
  • 15 сәуір 2015
  • 1747

Алдағы сенбіде президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықовтың Маңғыстау аймағындағы сенімді өкілдері этномәдени бірлестіктермен бірігіп, тазалық шараларын ұйымдастырмақ. Жоспарда ағаш отырғызу жұмыстары да бар. Қоғамдық шара барысында үміткердің сайлауалды тұғырнамасы насихатталады.

Сондай-ақ Тұрғын Сыздықов «Батыстың жалған идеясы қазақстандық жастарды ықпалына түсірмеуі тиіс» деген  ой-пікірлерін  аймақтардағы сайлаушыларына жеткізуді жалғастыруда. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасы Маңғыстау, Ақмола облыстарында кеңінен насихатталып жатыр. Ал бүгін Тұрғын Сыздықов Астанадағы коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлерімен кездесіп, сайлауалды бағдарламасының маңызды тұстарын түсіндірді. 

Үміткер Тұрғын Сыздықовтың Маңғыстау облысындағы сайлауалды штабында Қазақстан коммунистік халық партиясының 5 мүшесі және кандидаттың 100-ден астам сенімді өкілі жұмыс істейді. Олар Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасы мен үнпарақтарын тұрғындарға таратуда белсенділік танытып жатыр.

Роза Махамбетова,  ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың Маңғыстау облыстық сайлауалды штабы жетекшісі:

Тұрғын Ысқақұлының плакаттарын және сайлауалды платформаларының барлығын белсенді мүшелер таратып жатыр. Өте белсенді түрде, облыс көлемінде жүріп жатыр. Және сайлауалды платформасы бар, сол платформасымен таныстырып жатырмыз елді.

Кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен халықты таныстыру жұмыстары Ақмола облысында да тынымсыз жүргізілуде. Аталған өңірде үміткердің жүзден астам сенімді өкілі жұмыс істеп жүр. Үміткер Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында батыстың компьютерлік ойындарының, фильмдері мен сапасыз әдебиеттерінің жастарды зорлық-зомбылыққа тәрбиелейтіні айтылған.

Наиля Самигуллина, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың сенімді өкілі:

Расында да, бүгінде жастар шетел әуендерін тыңдап, голливудтық фильмдерді көреді. Батысты үлгі тұтқан ұрпақ қатыгез, жауапсыз, өзімшіл болып бара жатыр.

Астанада коммуналдық сала қызметкерлерімен кездесуінде кандидат Тұрғын Сыздықов  батыс мәдениетінің теріс ықпалы жайында тарқатып айтып берді. «Батыстық азамат өзгеден  ерекшеленіп, өзіне назар аударту үшін барын салады. Ал, өнер болса, бизнеске айналды», - деген Тұрғын Сыздықов батыстық мәдениеттің тоқырауға ұшырауының себебін көптеген дүниелердің азғындыққа негізделуімен түсіндірді.  Казақстан коммунистік халықтық партиясының қызметі жайында да әңгімеледі.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы  Президенттігіне кандидат: 

Алға қойылған мақсаттарға жету үшін марксизм-ленинизмді және Қазақстан коммунистік халықтық партиясының қызметін насихаттау қажет.

Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов өз сөзін қорытындылай келе, сайлауалды тұғырнамада даму үдерістерін болжау, ауыспалы жағдайда әрекет ету механизмдері жұмыс істейтінін жеткізді. «Мұның бәрі тұрмыстық қажеттіліктерден туындайды» дегенді де баса айтты. 

Базаргүл ОТЫНШИЕВА