Русский Сайттың толық нұсқасы

Әбілғазы Құсайынов: Өндірістің қоршаған ортаға залалын азайту үшін, мемлекеттік бақылаудың жаңа стандарттау үлгісін қолдану қажет

  • AstanaTV
  • 15 сәуір 2015
  • 1970

Президенттік сайлау күні таяған сайын өзге кандидаттардың да жер-жерлердегі үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті. Елдің экологиялық ахуалын күн тәртібіне шығарған кандидат Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды тұғырнамасы осы күндері Алматы және Ақмола облыстарында насихатталуда.

Шешуші күн жақындаған сайын кандидат Әбілғазы Құсайыновтың өңірлердегі сенімді өкілдерінің жұмыстары ерекше қарқынмен жүріп жатыр. Соңғы он күн ішінде үміткердің сайлауалды тұғырнамасы және өзі жайында ақпаратты барынша кең тарату қажет. Әрбір таратылған парақша мен ілінген билборд үміткер туралы сайлаушының танымын кеңейтеді. Алматы қаласында Құсайыновтың 4 билборды мен мыңдаған насихат парақшалары таратылды. Дәл осындай жұмыстар Көкшетауда да жүріп жатыр.

Серік Есмағамбетов, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың Ақмола облыстық штабы жетекшісі:

Насихатшыл топ өте ұйымшыл. Олар облыстың барлық аудандарын аралап, тұрғындарға ҚР Президенттігіне үміткер Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды бағдарламасын түсіндіруде. Халықпен кездесулер ұйымдастырып, үгіт-насихат шараларын жүргізіп жатыр. Үміткердің өмірбаяны мен еңбек жолын таныстырып, жоспарларымен бөлісуде. Бүгінге дейін Көкшетауда кандидаттың екі билбордты ілінді. Сенімді өкілдер сайлау науқанына дейін қарқынды жұмыс істей береді.

Ал кандидаттың өзі экологияны қорғау мәселесі ерекше өзекті Атырау қаласының тұрғындарымен кездесті. Әбілғазы Құсайынов жергілікті халыққа адамзаттың жер асты ресурстарын қолданудағы жауапкершілігі жөнінде шағын дәріс оқыды. Үміткердің сайлауалды тұғырнамасының тағы бір бағыты - өнеркәсіп қауіпсіздігі.

Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат: 

Біз қоршаған ортаны өзгертуге тырыспадық. Ал өмір табиғат заңдылығы бойынша дамиды. Сондықтан адамзатқа өзінің дамуын жалғастыру үшін, табиғат заңдылығын сақтау керек.

Әлемдік деңгейде алпауыт өндіруші мемлекет саналатын Қазақстан үшін кандидаттың көтеріп отырған мәселелері маңызды. Үміткер өндірістің қоршаған ортаға барынша залалсыз болуы үшін мемлекеттік бақылаудың жаңа стандарттау үлгілерін қолдану қажет дейді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ