Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркия Республикасының президенті Реджеп Тайып Ердоған Қазақстанға ресми іссапармен келді

  • AstanaTV
  • 16 сәуір 2015
  • 1893

Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоған Қазақстан басшысының шақыртуымен президент лауазымында тұңғыш рет Қазақстанға келді. Екіжақты кездесу нәтижесінде Қазақстан мен Түркия басшылары қос бірдей келісімге қол қойды. Бауырлас мемлекеттер жаһандық тұрақсыздық жағдайында бәсеңдеген сауда-саттық көлемін екі есеге арттыруды көздейді. Және Қазақстанның «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту жобасы аясында бірлескен инфрақұрылымдық-инвестициялық қор құру мәселесін де талқылады. Қазақ-түрік серіктестігі жайында Азамат Алдоңғаров баяндайды.

Бұл Реджеп Тайып Ердоғанның Түркия басшысы ретіндегі бауырлас қазақ еліне тұңғыш сапары. Екі елдің қазіргі саяси-экономикалық тығыз байланыстары - түпкі туыстықтан бастау алады. Сондықтан болар, қос президент бір-бірімен мемлекет басшылары емес, бауырлардай сөйлесті.

Анадолы басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты аға атап, Түркі халқы оны «ақсақал» деп мойындайтындығын жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев Түркия халқының Қазақстанның барлық жетістіктеріне әрқашан алғашқылардың бірі болып ортақтасатын, тілектес ниетіне алғыс білдірді. Қазақ егемендігін тұңғыш мойындаған ел басшысының Қазақ хандығының тарихи датасын тойлау қарсаңында келуін де өзінше топшылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл біз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтейін деп отырмыз. Сондықтан түбі бір Түрік елі басшысының бұл сапарының символдық мәні бар. Түркия - Қазақстанның ең жақын, сенімді саяси және экономикалық әріптесінің бірі.

Өткен жылы Қазақстан-Түркия тауар айналымы 3,5 млрд доллардан сәл асқан. Бұл бұдан бұрынғы көрсеткіштерден төмен. Қос президент төмендеуді жаһандық үрдістермен байланыстырады.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

Соңғы кездері кей жаһандық өзгерістер біздің елдер арасындағы сауда-саттық қарым қатынасына кері ықпалын тигізгені шындық. Біз бұл кедергілердің түпкілікті шешімін іздестіріп, оны толық жоюға тырысамыз.

Толық жойып, қазақ-түрік сауда-саттығын екі еселеу - мақсат. Оған бүгінгі пысықталған «Жаңа Синергия» құжаты сеп болуы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз 2012 жылы жаңа Синергия бағдарламасы мен оның іс-шараларын қабылдадық. Соған сәйкес екі жақтың тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу деген мақсат қойып отырмыз.

Түркия жұртшылығы туыс қазақ еліндегі барлық жаңалықтардан хабардар. Оның ішінде «Нұрлы жол» антидағдарыстық жобасы бар. Мемлекет басшысы «Ұлы жібек жолында» сыйласа білген Түркияны «Нұрлы жолдың» бүгінгі инфрақұрылымдық жоспарларына атсалысуға шақырды. Стратегиялық құжаттың әлеуетін тани білген Анадолы басшысы «Нұрлы жолдан» жаңа нарық көздерін тапқан сынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз инфрақұрылымдық-инвестициялық бірлескен қорлар құру мәселесін зерделеуге келістік. Бұл жобаларды жүзеге асыру Түркияның Қазақстан арқылы Қытайға, Шығыс және оңтүстік-шығыс Азияға шығуға мүмкіндік береді. Ал біздің ел Түркия арқылы Еуропа мен Таяу Шығысқа шыға алады.

Демек түбі бір түрік қазаққа «Нұрлы жол» мұратына жетуде сенімді серік болады деген сөз. Қазірдің өзінде Қазақстанда 1,5 млрд доллар түрік капиталы тартылған 14 жоба жұмыс істеуде. Бұл шамамен 1600 компания. Тайып Ердоған екі мемлекет кәсіпкерлерінің бірлесе, үшінші мемлекеттерге шыққанын қалайды.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

Өткен жылы біздің Эксим Банк арқылы қазақстандық банктерге 100 млн доллар бөлдік. Біз Қазақстандағы түрік компаниялары тек екіжақты қарым қатынаспен ғана шектелмей, біріге үшінші елдерге шығуы тиіс деп есептейміз.

Қазақстан-Түркия қарым-қатынасына біздің берерімізден аларымыз көп. Экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтуды қолға алған Қазақстан, экономикалық-саяси интеграциямен қатар, технология үйренуді көздейді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Түркияның байлық қорлары болмаса да, басқа өндіріс арқылы осындай жетістіктерге жетіп отыр, дүниедегі 16-шы экономика.  Сонда ынтымақтастық тек қана экономикалық жағынан емес, технологияларды Қазақстанға беру әңгіме болды.

Сондай-ақ Назарбаев - Ердоған кеңесінде Таяу Шығыс елдерінің дағдарысы мен Украина мәселесі де сөз болды. Олар бұл шиеленістердің еш пайдасы жоқтығын жақсы түсінеді. Түркия осы мәселелерді шешудегі Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болу ниетін де толық қолдайды. Түркия басшысының ресми сапары осымен аяқталмайды. Ақордадағы кездесудің соңы үлкен бизнес-форумға ұласты. Ал ертен Ердоған бастаған Түркия делегациясы Түркістанға барып Қожа Ахмет Яссауи рухын тағзым етпек. Реджеп Тайып Ердоған, осылайша, стратегиялық байланысты ортақ рухани құндылықпен қуаттай түсуді қош көріпті. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ