Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресейде «Қазақстандағы тұрақтылық пен даму жолының факторы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

  • AstanaTV
  • 20 сәуір 2015
  • 1337

ТМД елдерінің еш бірінде Қазақстандағыдай ұзақ мерзімді стратегия жоқ. Қазақстан даму көрсеткіштері жағынан посткеңестік мемлекеттер арасында алда келе жатқан ел.

Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Қазақстандағы тұрақтылық пен даму жолының факторы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқан қауым осындай пікір білдірді. Жиынға Ресейдің белді ғалымдары мен сарапшылары қатысып, Қазақстандағы саяси науқанды талқыға салды. Ресей сарапшылары, елдегі сайлау тұрақтылықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береріне, сенімді.

Конференцияны ашқан Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий, Еуразиялық экономикалық одақтың тарихына тоқталып, қазақ елінің жетістіктерін әңгімеледі. Қазақстанның әлемдік саясаттағы басты ұстанымы тұрақтылық және бейбітшілік екенін, жиналған қауым айрықша атады. Қазақстан - Ресейдің негізгі және ең сенімді әріптесі. «Нұрлы жол» секілді болашаққа бастар бағдарлама бізді ерекше қызықтырып отыр, - дейді ресейлік сарапшылар. 

Михаил Швыдкой, РФ президентінің арнайы өкілі:

Халықаралық аренада Қазақстанның беделі өте зор. Қазақ елі аз уақытта бүкіл әлемге тұрақтылық пен даму үлгісін көрсетті. Көршілерімен, жалпы кез-келген мемлекетпен достық қарым-қатынас орнатты. Ядролық қарудан бас тартып, Еуразиялық кеңістікте ықпалдасу үрдісін қолға алған бірден-бір мемлекет ретінде танылды.

Александр Агеев, РҒА экономикалық стратегия институтының бас директоры:

Сайлау Қазақстан халқын кезекті рет біріктіруде. Бірігіп мықты мемлекеттің мықты басшысын таңдау арқылы, қазақ елі жаңа экономиканы дамытатын болады. Қазақстан көп векторлы саясатын жүргізіп, әлемдік деңгейдегі ұлы державаға айналады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ