Русский Сайттың толық нұсқасы

1 наурыз Қазақстанда этностардың ізет күні болып белгіленуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 23 сәуір 2015
  • 1752

1 наурыз Қазақстандағы этностардың ізет күні ретінде аталсын. Бүгін Қазақстан халқы ассамблеясының ХХII сессиясына қатысқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Қиын-қыстау жылдары қазақ даласына түрлі ұлт өкілдері жер аударылды. Кедейшілікпен күн кешіп жатса да, қазақ отбасылары өзге ұлттарды жатырқамай, жылы қабылдағанын атап өтті. Халық ассамблеясы төрағасы алқалы жиында білім, өнер, мәдениет, ұлт сапасы сияқты тақырыптарға да терең үңілді. Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады.

800 мыңнан астам неміс, 120 мың поляк, Солтүстік Кавказ халықтарының 550 мың өкілі , Қиыр Шығыстан 100 мыңнан астам кәріс қазақ даласына кезінде күшпен көшірілді. Қылышынан қан тамған жандайшаптар оларды аш-жалаңаш күйінде вагондарға тиеп, «төгіп» жатты. Ал ұлы даланың ұлдары кедейшілікке қарамастан, жер аударылған ұлттарды өз туғанындай қабылдады. Халық ассамблеясының кезекті сессиясында Президент осылайша тарихқа бір көз жүгіртті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің отбасымыз да екі бөлмелі сабан үйде тұрып, үш балалы отбасын қабылдады. Бұл менің көз алдымда өтті.

Мөлдір Бақыт-Қызы, тілші:

Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан халқы ассамблеясының 20-шы сессиясында сөйлеген сөзінде әйгілі боксшы Геннадий Головкин «Менің әкем орыс, анам кәріс, мен қазақпын» деп, қанатты сөзге айналып кеткен өз ойын айтып салған-ды. Түрі, тілі, діні бөлек болса да, елім, жерім, қазақстаным дейтін таным-түсінікті отандастарымыздың санасына сіңіру, жылдар бойы жүргізілген саясаттың жемісі болса керек.

Елдің тағдыры мен болашағы мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақтың қолында ғана болады, деген Назарбаев өркениет көшінен қалыспай дамудың ендігі тетігі тілде екеніне тоқталды. Мектепте соңғы сыныптар түгел ағылшын тіліне көшу керек деді. Білім және ғылым министрлігіне үш тілде білім беруді дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бірте-бірте мектептердің соңғы сыныптарында ағылшын тіліне көшу қажет.  Егер де біз ғылым мен білімнен тәлім аламыз десек, жоғары білім беру саласында бірте-бірте түгел ағылшын тіліне көшу керек. Бұл да біздің алдымызға қойып отырған мақсатымыз. Үш тұғырлы тіл саясатының негізгі мәні осындай. Мен болашақты, ұрпағымыздың болашағын ойлап отырмын. Сондықтан да Білім министрлігі Мәдениет министрлігімен бірлесіп, үш тілді білім беруді дамытудың Жол картасын әзірлеуі қажет.

Ал зиялы қауым ұлт сапасын арттыру жолында талмай тер төгуі тиіс. Жалпы адамзаттық құндылықтарды: адамгершілік, ар-намыс, жанашырлық секілді қасиеттерді бұқараның бойына сіңіру үшін, тағылымы мол өнер туындылары насихатталуы тиіс. Талғамсыз, арзанқол дүниеге құмар қоғамда, ұлт ұсақталып кетеді6 деді мемлекет басшысы.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Люди устали от обилия безвкусицы, мыльных сериалов про ментов, криминала, про потребительскую развлекательность, играющих на низменных инстинктах человека.

Ал халық санын арттырудың  оңай жолын бүгін Президентке еліміздегі ең жас он баланың анасы Ұлданай Әлімбаева ұсынды.

Қазір қазақ тілінде судай ағып тұрған өзге ұлт өкілдері көп. Кейбірі тілді ғана емес ырым-тиымдарымызды да  жете түйсінеді.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2015 жыл ҚХА жылы болып жарияланған. Жиырма жылдық аясында жыл басынан бері мега жобалар іске асып, қаншама қайырымдылық  жасалды. 33 мың адамға азық-түлік қоржыны, тұрмыстық техника, медициналық жабдықтар, дәрі-дәрмектер, киім-кешектер және т.б. материалдық қолдау көрсетілді. Мұндай игі шаралар жыл соңына дейін жалғасады.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ