Мәскеуге
Йеменнен келіп қонған ұшақ бортында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы біздің
арнамызға еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі хабарлады. Бүгін
таңертен ақпарат құралдарында Мәскеудің Чкаловск әуежайына қонған ИЛ-62
ұшағында Өзбекстан, Куба, Армения, Тәжікстан азаматтарымен қатар
қазақстандықтар бар деген ақпарат тараған еді. Алайда мұны құзырлы орган
толықтай растамады.
Ресми дерек бойынша, бүгінге дейін Йеменнен елге жеткен
азаматтардың саны 17, тағы бір азаматшамыз Ресейде туыстарының үйінде қалған.
Қазақстанның Сыртқы істер ведомствосы Йемен және Ресейдің тиісті органдарымен
байланыс орнаттық деп мәлімдеді.
Алтай
Әбибуллаев, ҚР СІМ арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі және ресми өкілі:
Бір азаматшамыз өз балаларымен,
Йемен азаматтарымен Ресей Федерациясының жерінде қалып отыр. Бүгін ақпарат
беттерінде пайда болған кейбір мәліметтер, оның ішінде тағы да келіп түскен
рейспен Қазақстан азаматтары келді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Сондықтан
қазіргі таңда Йеменнен келген барлық қазақстандық азаматтардың саны 18.
Азамат
АЛДОҢҒАРОВ