Русский Сайттың толық нұсқасы

Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды бағдарламасы кеңінен насихатталып жатыр

  • AstanaTV
  • 23 сәуір 2015
  • 2083

Қазақстан Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықовтың үгіт-насихат тобы Көкшетау қаласында жүр. Үміткер сайлауалды тұғырнамасының тезистерін баяндап, батыстық мәдениеттің кемшін тұстары мен дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін салауатты өмір салтын ұстану керектігі туралы айтты. Кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында да кеңінен насихатталып жатыр.

Сөзінің басында Қазақстан коммунистік халықтық партиясы орталық комитетінің хатшысы Тұрғын Сыздықов марксизм-ленинизмнің ғылыми негізделген идеялары қазіргі уақытта өзінің маңыздылығы мен өзектілігін жоғалтпағанын айтты. Партия батыс мәдениеті мен құндылықтарының келеңсіз ықпалына ерекше назар аударады, деді үміткер.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы  Президенттігіне кандидат:

Бүгінгі күні бейбітшілік, достық, интернационализм сияқты жалпы адами құндылықтар өте маңызды. Ізгілік идеяларының пайдасы көп. Әр түрлі мәдениет өкілдерінің арасындағы достық бірлікті нығайтады.

Тұрғын Сыздықовтың ойынша, бұл батысқа еліктегіш келетін жастарға соққы болып тиюде. Азғындаған өмір сүру салты, есірткі тұтынушылар, киноблокбастерлер, фаст-фудтар, моральдық ұстанымдарды көзге ілмей-ақ, оңай жолмен ақша табу - осылардың барлығы батыстың жалған мәдениеті тудырған жаман індет, - дейді кандидат. Сол себепті коммунистер осы індетті түп-тамырымен қопару керектігін айтады.

Бейсенбай Мәжитов, ҚР Президенттігіне кандидат Т. Сыздықовтың Ақмола облыстық сайлауалды штабы жетекшісі:

Қазіргі кезде біз насихат материалдарын таратып, оған қосымша танытым шаралар өткізіп, сайлаушылардың пәтерлерін аралау жұмыстарын атқарып жатырмыз. Біздің сайлауалды жұмысымызда партияның сайтын, қазіргі заманғы байланыс құралдарын пайдаланып үгіт жұмысына қолданамыз.

Тұрғын Сыздықовтың аймақтардағы штабтарында жұмыс жалғасып жатыр. Шығыс Қазақстан облысындағы сайлауалды штабы осы уақытқа дейін 6 мыңға жуық азаматтың қатысуымен 100-ден астам кездесу өткізген. Облыс тұрғындарына 23 мыңнан астам үгіт парақшалары таратылды.

Қарағанды облысындағы үгіт-насихат жұмыстары барысында Қазақстан коммунистік халық партиясының қатарына 70 азамат қабылданды. Саяси науқан кезінде 10 мыңнан астам азаматтың қатысуымен 120-ға жуық кездесу ұйымдастырылып, 5 мыңға тарта плакаттар ілінді. Кандидат Тұрғын Сыздықовтың ойынша, бүгін бейбітшілік, достастық, интернацонализм сияқты жалпы адамдық құндылықтар маңызды. Біз бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеміз. Бұл жалпы адамдық құндылықтар және олар келесі ұрпаққа берілуі тиіс, дегенді айтады кандидат. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ