Қазақстан
Коммунистік халық партиясы атынан сайлауға түскелі отырған Тұрғын Сыздықов Астанадағы республикалық
сайлауалды штабы мүшелерімен кездесті. Кандидат үгіт-насихат науқанының және
сайлаушылармен кездесулердің қалай жүріп жатқанынан хабар алып, жұмыс
нәтижелерімен танысты. Үміткердің сайлауалды бағдарламасы осы күндері Маңғыстау
және Оңтүстік Қазақстан облыстарында да кеңінен насихатталып жатыр.
Қазақстан коммунистік халық
партиясы орталық комитетінің хатшысы Тұрғын Сыздықов өзінің сайлауалды штабының атқарып жатқан
жұмысына ризашылық білдірді. Өйткені жұмыс жоспарға
сай орындалып жатыр. Барлық шаруа белгіленген кестеге сай тыңғылықты атқарылуда.
Тұрғын
Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:
Жалпы,
осы уақытқа дейін біраз жұмыс атқарылды. Біз қазіргі кезде өзінің өзектілігін
жоғалтпаған марксизм-ленинизм идеяларына негізделген менің сайлауалды
бағдарламамды жеткізе білдік.
Сыздықовтың
ойынша, ең алдымен батыс мәдениетінің жағымсыз тұстарына баса назар аудару
керек. "Батыс құндылықтары" әдетте жалған болып келеді және тек
өзінің жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруды ғана көздейтін тұтынушы адамды
қалыптастыруға бағытталған дейді. Кандидаттың сайлауалды штабының жетекшісі
Айқын Қоңыров үгіт-насихат шараларының кеңінен насихатталып жатқанын жеткізді.
Айқын Қоңыров, ҚР Президенттігіне кандидат Т.
Сыздықовтың республикалық сайлауалды штабы жетекшісі:
Мен
біздің іс-шаралардың бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде республикалық телеарналарда кеңінен
көрсетіліп жатқанын айтқым келеді. Әлеуметтік желілерідегі жұмыс та
сапалы. Мұның бәрі кандидаттың тұғырнамасын сайлаушыларға таныстыруға мүмкіндік берді.
Үгіт-насихат
жұмыстары Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды штабтарында да тыңғылықты атқарылып
жатыр. Маңғыстау облысындағы сайлауалды штабында Қазақстан коммунистік халық
партиясының 5 мүшесі мен кандидаттың 100-ден астам сенімді өкілі жұмыс істейді.
Ал Оңтүстік Қазақстан облысындағы штабта 15 сенімді өкіл бар.
Нұрлан
Қадырқұлов, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың ОҚО сайлауалды штабының
жетекшісі:
Бізде
100-ден аса халықтар тұрады. Достық
деген ұғымдар, интернационализм, патриотизм - осы ұғымдардың бәрі біз өзіміздің
жастарды батыстың теріс әсерінен сақтап қалуымыз керек деген ұстаным.
Жалпы
әр өңірдегі штаб белсенділері аудандар мен ауылдарға жетіп, өз үміткерінің
сайлауалды бағдарламасын халыққа кеңінен таныстыруда. Кандидатты қолдауға
бағытталған шаралар жоспары толық көлемде іске асырылып келеді, - дейді штаб
мүшелері.
Айгүл ӘДЕПБАЙ