Мамырдан бастап қазақ-қырғыз шекарасындағы кедендік бақылау бекеттері
түгелдей алынады. Келер айда Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақ мүшесі
атанбақ. Осы орайда Қазақстан және Қырғызстан арасындағы кеден бекеттері
8 мамырдан бастап жұмысын тоқтатады,- дейді ҰҚК Шекара қызметі директорының
міндетін атқарушы Дархан Ділманов. Бүгін Мәжіліс қос елдің шекара өкiлдерiнiң
қызметi туралы келiсiмдi мақұлдады. Сондай-ақ, тиiстi органдармен контрабандаға
қарсы біріге күресу қолға алынбақ.
Айта кетейік, Қазақстанның Қырғыз
Республикасымен арадағы шекарасының ұзындығы 1242 шақырым. Өткен жылы қазақ-қырғыз шекарасында 201 контрабанда тасу оқиғасы тіркелген, 3235 құқық
бұзушы ұсталды.
Дархан Ділманов, ҚР ҰҚК, Шекара қызметі директорының
міндетін уақытша атқарушы:
Осы келісім қауіпсіздікті нағайтуға, тыныштықты сақтауға, Қазақстан-Қырғыз
мемлекеттік шекара аумағында тұрақтылықты және Орталық Азия аймағында
бейбітшілікті сақтауға маңызды үлес қоспақ.
Ал мәжілісмен Рамазан Сәрпеков шекарашылардың ел ішіндегі қызметіне қатысты
базынасын жеткізді. Алматы облысындағы бір-біріне іргелес орналасқан
Басқыншы-Қорғас ауылдары өзара қатынасқа зар болып қалған. Ауыл арасында шекара
бекеті қасқайып тұр,- дейді депутат. Алайда, тұрғындарға ауруханаға бару үшін
де, кедендік бекеттен рұқсат алу керек көрінеді. Бұл мәселені бұрын да көтерген депутат шекара қызметінің өкілдері сол кездегі сөзінде тұрмады деп, реніш
білдірді.
Рамазан Сәрпеков, ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:
Осы үш төрт күнде қарап, жауап береміз дедіңіз. Содан бері 15 күн
өтіп кетті. Құрметті Дархан Айтқалиұлы, әскери адамның өзінің берген уәдесіне
тұрақтырақ болғаны дұрыс па дейміз. Бұл мәселені сіздің алдыңыздағы басшыға да
айтқанбыз. Бұл менің, емес бұл күнделікті ауылмен сөйлескендегі ауылдағылардың
өтініші. Ешқандай қажеті жоқ жерге шекарашыларды қойып қойдыңыз.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ