Русский Сайттың толық нұсқасы

Әбілғазы Құсайыновтың сенімді өкілдері Тараз және Орал қалаларында үгіт жұмыстарын жүргізді

  • AstanaTV
  • 22 сәуір 2015
  • 1886

Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайыновтың сенімді өкілдері Тараз бен Орал қалаларында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Ал кандидаттың өзі Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарымен кездесті. Әбілғазы Құсайынов жұртшылықты экологиялық мәселелерге қатысты сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Осы мәселе төңірегіндегі сайлаушылардың сауалдарына жауап берді. 

Кандидат Құсайыновтың Тараздағы сенімді өкілдері сайлауалды үгіт-насихат шараларын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бүгінде шаһардағы 39 арнайы белгіленген орындарда үміткердің билбордтары мен үгіт плакаттары ілінген. Сондай-ақ, сенімді өкілдер облыстағы он ауданда үгіт жүргізуде. Олар өз жұмыстарының жоспарға сай өтіп жатқандығын айтады.

Эльмира Сәдуақасова, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың сенімді өкілі:

Бізде 13 сенімді өкіл бар, үшеуі Тараз қаласында, қалғандары аудандарда. Облыс орталығында екі билбордымыз тұр. Бүгінгі күні аймақ бойынша 2 мыңға жуық плакаттар таратылды. Жұмыс қарқынымыз жаман емес. Тұрғындарды кандидаттың бағдарламасымен таныстырып, ондағы ерекшеліктерді түсіндіреміз.

Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды штабы Орал қаласында да белсенді қызмет атқаруда. Үгіт тобы жоғары оқу орындарында бірқатар кездесулер өткізді. Мәселен «Еуразия» университетінің студенттері үміткердің сайлауалды тұғырнамасымен жіті танысып, бағдарламадағы басымдық берілген бағыттар жайлы жан-жақты ақпарат алды. Кандидаттың осы өңірдегі 17 сенімді өкілі, облыстың барлық 12 ауданында үгіт жұмыстарын жүргізуде.

Айдос Себепов, ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың БҚО сайлауалды штабы жетекшісі:

Біз 25 наурыздан бастап үгіт-насихат жұмыстарын бастадық. Қала мен аудандарда арнайы әкімшілік белгілеп берген орындарымыз бар. Насихат жұмыстары барлық аудандарды қамтып, ақпараттық парақшаларымыз таратылуда. Жергілікті белсенді тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды бағдарламасы түсіндірілуде.

Ал кандидаттың Өскемендегі кездесуі Құрылыс колледжінде өтті. Әбілғазы Құсайынов оқу орнының ұжымы және студенттерін сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды. Жиынға сондай-ақ, халықаралық байқаушылар да қатысты. Экология жайын басты бағыт етіп алған кандидат, көпшілік алдында ғаламшардағы жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар түрлерін сақтау туралы сөз қозғады.

Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Мен жойылып кету алдында тұрған жануарлар мен өсімдіктерді ерекше қорғау қажет деп ойлаймын.

Табиғатты қорғау - өзекті мәселе. Саф ауа, мөлдір су, тұмса табиғатты көздің қарашығындай сақтау - басты міндет. Кандидат Құсайыновтың ұстанымы осы.

Жұрағат БАМАН