Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде «Ұлттық киім күні» енгізілуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 22 сәуір 2015
  • 5220

Қазақстанда «Ұлттық киім күні» деген атаулы дата пайда болуы мүмкін. Ұлттық киімді ұлықтайтын мұндай күн биылғы сәуірдің 24-не дөп келіп отыр. Игі бастаманы Астананың бір топ тұрғыны қолдап, ою-өрнекті киім киіп көшеге шықты. «Қазақтығымызды айшықтайтын бұл күн дәстүрге айналып, жыл сайын сәуірдің соңғы жұмасында өткізіліп отырса», - дейді ұйымдастырушылар.

Ұлттық киім күнін енгізу бастамасын мәдениет жанашыры, тарихшы Арман Нұрмұханбетов ұсынған. Әлеуметтік желіде бұл идея қызу қолдау тапты. Ұлы дала стилін жаңғырту керек дегендердің қатары артуда. Ұйымдастырушылар бірлік пен татулықты нығайтуға шақырады. Әр аймақтан жиналып Алматыға жіберілетін мата қиындыларынан «тай шапан» тігіледі. Кейін ол Алтын адам мұражайында сақталмақ.

Ләззат Сариева, «Қазақтың ұлттық киімі күні» ұйымдастыру комитетінің астана бойынша өкілі:

Бұндай күн бізге керек. Германияда жүргенде ұлттық нақыштағы пиджак киіп барып едім, барлығы сіз Қазақстаннансыз ба деп танып тұрды. Сол маған үлкен серпіліс берді. Кейін келгенде осындай Арманның бастамасын қолдап, Астана қаласы бойынша көмектесіп жатырмыз.

Бұл игі бастаманы қолдаған еріктілер қазақ киімдерін қазіргі заманға лайықтап тігу керек дейді. Оюлы киімдерге деген сұраныстың төмендігін олар насихаттың аздығымен түсіндіреді. Ал бастама жалпыхалықтық сипат алса, жеңіл өнеркәсіпті ғана дамытып қоймай, туризмді де алға бастырар еді дегенді айтады. 

Хадиша Буханова, Астана қаласының тұрғыны:

Біздің санамызға қалыптасып қалған. Қазақ киімі десе, әртістер киетін қос етек, желпілдеген киімді. Соларды біз қазақы киім деп қабылдап қалғанбыз. Ал ол ыңғайсыз ғой. Сосын оны қабылдамай жатыр. Мына ұлттық нақышты ғана салып қазіргі заманауи стильде тігіп шығуға болады. Егер оны жастар киеміз десе, бағасын төмендетуге болады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ