Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жаңадан салынып жатқан көпір құлады

  • AstanaTV
  • 24 сәуір 2015
  • 1320

Алматыда оқыс оқиға орын алды. Тұрар Рысқұлов даңғылы мен Сайын көшесінің қиылысында жаңадан салынып жатқан көпір қирады. Бақытсыз жағдайдан 19 адам зардап шекті. Жедел түрде ауруханаға жеткізілген жандарды дәрігерлер қатаң бақылауға алды.

Бұл жайында қалалық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Аталған мекемеге көпірдің құлағаны туралы хабар сағат күндізгі 11-ден 57 минут кеткенде келіп түскен. Көпірдің ұзындығы 125, ал ені 18 метрді құрайтын бөлігі абайсызда құлап кетті. Үйіндіге айналған құрылыс аумағы шамамен 1000 шаршы метрді құрады.

Нұрбек Қожахмет, Алматы қалалық ТЖД баспасөз хатшысы:

Нысан орнында бас-аяғы 52 адам жұмыс жасаған. Қазір бір адам үйінді арасында қалуы мүмкін, оны іздестіріп жатырмыз. Оқиға орнына 200 адам және 95 техника 3 із кесуші ит жұмылдырылды.

Дәрігерлердің дерегінше, қаладағы 7-ші ауруханаға зардап шеккендер шұғыл жеткізілген. Тағы бір адам ауруханаға барудан бас тартты. Тағы 10 жұмысшы медициналық көмектен соң үйлеріне босатылған.

Болатбек Баймаханов, Алматы қалалық №7 аурухананың бас дәрігері:

10 ауру әр түрлі жарақаттармен біздің ауруханаға жатқызылды. Оның тоғызында жабық миға зақым келген. Орта дәрежедегі ауырлықпен нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды. Бір ауру омыртқасына зақым келген. Ол травматология бөліміне жатқызылды. Өте ауыр жағдайдағы операцияны, реанимацияны қажет ететіндер жоқ.

Берік ХАСЕНОВ