Русский Сайттың толық нұсқасы

ҚР Президенттігіне кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары тәмамдалды

  • AstanaTV
  • 24 сәуір 2015
  • 1564

Қазақстан Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық штабы өкілдері елордада халықпен кездесіп, соңғы үгіт жұмыстарын жүргізді. Елбасы кандидатурасына қолдау білдіруге жиналған жеті мыңнан астам адамның басым бөлігі - жастар. 

26 наурызда Астанадан бастау алған сайлауалды насихат жұмыстары еліміздің барлық өңірлерінде өтіп, бүгін кандидат Назарбаевқа қолдау білдіру форумымен қорытындыланды. Қоғамдық штаб өкілдері өз кандидаттарының сайлауалды тұғырнамасын жүздескен азаматтарға жеткізіп қана қоймай, жер-жерлердегі ел тынысын да бір байқап қайтты.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Тек нұр отандықтар ғана емес, біздің басқа үлкен партиялардың басшылары, ең еліміздегі ірі үкіметтік емес ұйымдардың басшылары жиналып отыр. Біз елді аралаған кезде біздің еліміздің мықтылығын, ынтымағын, келісімін, беріктігін көріп шықтық. Жалпы Қазақстанымыздың қандай өркендеп, өсіп, өзгергенін байқадық.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Президенттігіне кандидат Н.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы жетекшісі:

Біз Қазақстанның барлық облыстарын аралап шығып, барлық өңірлерден елі үшін туған Елбасының жасампаз еңбегінің жарқырап, жайнап тұрғанына куә болдық. Ең бастысы - жүздері жарқын, отбастары аман, бірлігі жарасқан, берекелі халықты көрдік.

Кандидат Назарбаевты қолдайтындар қатарында білім қуған студенттен бастап, мемлекеттік қызметші, қарапайым құрылысшы, сан мың мамандық иелерінің өкілдері бар. Олар ел тіршілігінің кез-келген саласы Мемлекет басшысының үнемі қаперінде екендігін айтады.

Нұржамал Үсенбаева, опера әншісі:

Елбасы өнерге өте жақын өзі. Өнерді түсінеді. өнерді жақсы көреді. Өнер адамдарын қолдайды. 

Аяз Жылқыбаев, құрылысшы:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев - тәуелсіз Қазақстанның архитекторы, елордамыз Астананың архитекторы. Біз қашанда Елбасының арқа сүйер тірегі боламыз. Жиырма алтыншы сәуір күні біз барлығымыз Елбасына дауыс береміз.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ