Русский Сайттың толық нұсқасы

Бүгінгі сайлауда павлодарлықтар да белсенділік танытуда

  • AstanaTV
  • 26 сәуір 2015
  • 990

Бүгінгі сайлауда Павлодар облысының халқы да  жоғары белсенділік танытуда. Қазіргі мәліметке сенсек, өңір сайлаушыларының 70 пайыздан астамы өз таңдауын жасап үлгерген. Әсіресе, ауылды жерлерде белсенділік басым. Сайлау комиссиясының ақпарынша, кейбір елді мекендердегі көрсеткіш 90 пайыздан асып түсті. Аймақтағы саяси науқанның барысы туралы әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы хабарлайды.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:  

Ел үшін маңызды шарада Павлодар облысының тұрғындары да ерекше белсенділік танытуда. Сайлау барысын бақылау комиссиясы өкілдерінің айтуынша, таңдау жасауда жоғары белсенділік түске дейін байқалған. Әр сайлау учаскесінде орын алған ұзын-сонар кезек - осыған дәлел.

Сайлау комиссиясының қазіргі ақпаратына сәйкес, өңір сайлаушыларының 70 пайыздан астамы дауыс беріп үлгерген. Әсіресе, ауыл тұрғындары белсенді. Кей елді мекендерде сайлаушылардың келуі 90 пайыздан асыпты.

Арман Ешмұратов, Сайлау барысын бақылау республикалық комиссиясы Павлодар облыстық филиалының мүшесі:

Президент сайлауының маңыздылығын біліп, сезіп, сол қазіргі кездегі геосаяси жағдайды, түгелін біліп өзінің жоғарғы сезімін көрсетіп жатыр. Жалпы заң жағынан ешқандай бұзушылық жоқ.  Біздің бақылаушылар ешқандай заңға қарсы бірдеңені көрген жоқ.

Арман Ешмұратов биылғы сайлаудың техникалық жабдықтау барысының жоғарғы деңгейде екендігін атап өтті. Өңірдегі 576 учаскенің барлығы дерлік байқаушылардың жіті назарында, - дейді сайлау барысын бақылау жөніндегі республикалық комиссия өкілі.

26 сәуірді асыға күткен жанның бірі - павлодарлық зейнеткер Татьяна Шопенкова. Дауыс беруге жолдасымен келген ол бүгінгі таңдауын Қазақстанның тұрақтылығы мен қарқынды дамуы үшін жасағанын айтады.

Татьяна Шопенкова:

Бұл күнді асыға күттім. Көңіл-күйім де керемет. Жұмыстарым  болғандықтан, таңертен дауыс бере алмадым. Бірақ шаруаларымды бітіріп,  бірден өз учаскеме келіп, азаматтық борышымды өтедім.

Павлодардағы сайлау науқанын 31 халықаралық байқаушы қадағалауда. Олардың он алтысы - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілі. Өзгелері ТМД мемлекеттерінен келген байқаушылар.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Облыстық сайлау комиссиясының таратқан мәліметіне сәйкес, сайлау учаскелерінде 460 мыңнан астам бюллетень үлестірілді. Сайлаушылар тізімінде 454 858 азамат тіркелген. Айта кету керек, оның 4 600-і бүгін алғаш рет саяси науқанға қатысып, өз таңдауын жасаған жастар.