Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдықтар да өз таңдауын жасады

  • AstanaTV
  • 26 сәуір 2015
  • 1201

Ел тарихындағы маңызды шара батыс қазақстандықтардың бірлігін нығайта түсті. Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлауға Оралдағы түрлі ұлт өкілдері де белсене қатысты. Сан түрлі ұлыстың құт мекеніне айналған Ақжайық өңіріндегі армяндардың, тарихи шараны мерекеге айналдырған сәтіне Еркін Карин куә болды. 


Оралдағы армяндар үшін бұл күн думанды мерекеге айналғандай. Олар ән шырқап, би биледі. «Осылайша тұрғындарды сайлауға қатысуға шақырғымыз келді»,- дейді Аветик Амирханян.

Аветик Амирханян,  Орал қаласының тұрғыны:

Менің бар саналы ғұмырым қазақ жерінде өтті. Осында үйлендім, бала сүйдім. Қазір немерелерім де бар. Олар осында оқиды. Сондықтан ұрпақтарым үшін де Қазақстанымның киелі мекен болғанын қалаймын. Елді болашаққа бастайтын үміткерге дауыс берсін деп, тума-туыстарым мен балаларымның барлығын осында алып келдім.

Оралдық армяндардың басын қосқан жігіт ағасы Аветик Амирханян өзінің туыстары мен достарына сайлауға ұлттық киімін киіп келуді тапсырыпты. «Өйткені бүгінгі күн мейрамға бергісіз. Ер мен елдің тағдыры шешілер атаулы күн бірлікті нығайтады», - дейді.

Орал қаласындағы 101 сайлау учаскесінде 200 мыңдай адам тіркелген. Жиырмаға жуық учаске аурухана мен қариялар үйі секілді, әлеуметтік мекемелерде шоғырланған.

Сайранбек Ахметов, Орал қаласындағы №459 сайлау учаскесінің төрағасы:

Сайлаушылардың келуінің белсенділігін өте бір мықты деп айтуға болады. Бүгін бағанағы өзіміз 7-де бастайтын болсақ, алтыға жақын бір қария, алтыдан бастап келді. Жалпы халықтың бұл сайлауға деген көңілін білдіреді. Негізгі белсенділік әсіресе таңертең байқалды.

Президент сайлауын облыс пен қаладағы сайлау учаскелерінде ТМД және ЕҚЫҰ-дан келген 50 байқаушы бақылап жүр. Олар да сайлауда заң бұзушылықтар тіркелмегенін мәлімдеп, сайлаушылардың белсенділігі жоғары болғанын айтады.

Александр Бурмак, халықаралық байқаушы:

Таңертеңнен бері қаладағы сайлау учаскелерін аралап жүрміз. Халықтың белсенділігі өте жоғары. Жасы бар, кәрісі бар - барлығы құлшына дауыс беріп жатыр. Ұйымдастыру жұмыстары да жоғары деңгейде. Әзірге ешқандай заң бұзушылықтар тіркелмеді.

Еркін Карин, тілші:

Сайлау учаскелерінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат сегізде тоқтатылды. Уақыт айырмашылығына байланысты батыс өңірде бұл процесс бір сағатқа кеш басталды. Қазір сайлау бюллетеньдерін санау басталып кетті.

Еркін КАРИН