Русский Сайттың толық нұсқасы

Президенттік сайлау науқанына атсалысқан қазақстандықтардың белсенділік көрсеткіші 95,11 пайызды құрады

  • AstanaTV
  • 27 сәуір 2015
  • 1352

Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауында электорат белсенділігі аса жоғары болды. Шетелдік және отандық сарапшылар сайлаушылар белсенділігі әлемдік сайлау тарихында болмаған, рекордтық көрсеткіш байқатты деген баға беріп үлгірді - деп хабарлады Қазақпарат. Орталық сайлау комиссиясының соңғы дерегінше, бүгін сайлау учаскелеріне дауыс беру құқығы бар қазақстандықтардың 95,11 пайызы келіп, дауыс берген. Айрықша белсенділік танытқан өңірлер көшін Ақмола облысы бастап, Ақтөбе қостап, үштікті Алматы облысы қорытындылады. Астана қаласы тұрғындарының 94,51, алматылықтардың 78,28 пайызы өз таңдауларын жасады. Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы сайлау нәтижесі бойынша алғашқы алдын-ала мәліметті ертең жариялайды.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Республика бойынша сайлаушылардың сайлауға қатысуы 95,11 пайыз болып отыр. Ең алдымен бүгінгі өткен Президент сайлауында баршамыз азаматтардың сайлауға теңдесіз белсенді қатысуының куәсі болғанымыз туралы айтқым келеді. Еліміздің барлық аймақтарында сайлаушылар сайлау учаскілері ашылардан бұрын келіп, сайлау учаскілеріндегі жұмыс аяқталғанша бір толастаған жоқ. Бұған учаскілерде болған халықаралық байқаушылар, отандық байқаушылар көз жеткізді. Және даусыз дәлел ретінде БАҚ арқылы айтты.

Еске салайық, Президенттік додаға үш кандидат қатысты. «Нұр Отан» партиясы атынан іс басындағы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының хатшысы Тұрғын Сыздықов және өзін-өзі ұсынушы үміткер, Республикалық кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов саяси додада бақ сынады. Орталық Сайлау комиссиясы сайлаудың алдын-ала қорытындысын ертең жариялайды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ