Русский Сайттың толық нұсқасы

Жер-жерде жеңімпаздар форумы өтіп жатыр

  • AstanaTV
  • 27 сәуір 2015
  • 1829

Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау штабы іс басындағы мемлекет басшысының кезектен тыс өткен президенттік сайлаудағы жеңісін тойлауда. Еске салайық, бүгін сайлаудың алғашқы ресми нәтижесін жариялаған Орталық сайлау комиссиясы саяси додада Елбасы барша сайлаушылардың 97 пайыздан астам даусын жинап, көш ілгері шыққанын мәлімдеді. Сайлау күні дауыс беруге ағылған халықты көріп, Нұрсұлтан Назарбаевтың жанарына жас үйріліпті. Бүгін Астанда өткен жеңімпаздар форумында Мемлекет басшысы саяси науқан күнгі әсерімен бөлісті. Және жиылғандар алдында  шексіз сенім артып, билік тізгінін ұстатқан халқына алғыс айтты.

Бір ай бойына шаршамай, шалдықпай жер жерді аралап, халықты Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беруге үгіттеген белсенділер бүгін ерекше көңілді. Сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жеткендеріне дән риза. Саяси элита Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтіп жатқан жеңімпаздар форумына бір кісідей жиылды. Жақтастардың бүгінгі жеңісті асыға күткені дайындық барысынан-ақ көрініп тұр. Ал кешегі сайлау кезіндегі халықтың ерекше белсенділігін Президент те байқаған. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүкіл Қазақстан кеше бір кісідей дауыс беруге келді. Мен азаматтардың отбасыларымен, балаларымен, немерелерімен сайлау учаскелеріне келгенін көрдім. Бұл үлкен жауапкершілік жүктейді, халқымыз өзінің тұрмысын, әл-ауқатын жақсартып, балаларын тәрбиелеуі және болашаққа сеніммен қарауы үшін, не істеу керектігі туралы күні-түні ойлануға мәжбүрлейдІ. Сайлауды өткізуде белсенділік білдірген «Нұр Отан» партиясына алғысымды білдіремін.

«Ендігі міндет  - Қазақстанды индустрияландыруды аяғына дейін жеткізу. Балама экономика қалыптастыруға, сапалы табыс және кәсіби біліктілікпен байланысты жаңа жұмыс орындарын ашуға тиіспіз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жанымыз бір, қанымыз бір, тағдырымыз бір. Мы вместе!!! Урра...

Эстрада жұлдыздарының ән шашуы жеңімпаздар рухын одан бетер асқақата түскендей. 

Бұл президенттің Павлодар қаласындағы жақтастары. Жеңімпаздар форумы Астанамен шектелмеді. Бүгін жер-жерде Нұрсұлтан Назарбаевты жеңісімен құттықтаушылар бас қосып жатыр.

Облыс көлемінде 98 пайыздан артық солтүстікқазақстандықтар біздің Елбасымызға дауыс берді.

Күнгейдегі жұртшылық та дауыс беру нәтижесін ести сала тойлауды бастап кетті. Шымкенттегі орталық алаңдардың бірінде Президенттің портреті тұсында концерт берілді. Облыс әкімі де құттықтап жатыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісін қарапайым тұрғындар да атап өтуде. 

Қаламқас Құрманалиева: 

Біз Елбасымызға сенеміз. Және де үмітімізді ақтап жатыр.Соған шын жүректен ықыласымызды ақтап жатыр. Бүгін жеңіске жеткенін тойлап, көпшілікпен бала-шағамызбен бірге тойлап жүрміз.

Ал қарағандылықтар Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісін кең ауқымда атап өтті. Жиынға 10 мыңға жуық патриот қатысып, Елбасын қолдайтындарын білдірді. Форумға Елбасының сенімді өкілдері,  Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен жастар қатысты. Жиынға қатысқан облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков кезектен тыс президент сайлауы жылдың ең маңызды оқиғасы, ал басты нәтиже  - Елбасының жеңісі деп атап айтты.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ