Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан мен Ресей «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру жұмыстарын жандандырады

  • AstanaTV
  • 06 мамыр 2015
  • 1436

«Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құруға 223 миллион доллар жетпейді. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында сөйлеген Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев осылай деді. Мұсабаев Ресей мен Қазақстан арасында Байқоңыр ғарыш айлағында әлі құрылмаған «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру үшін, қосымша қаражат, қосымша уақыт әрі шыдам керектігін айтты.

Айта өтейік, 2004 жылы екі тарап үкіметаралық деңгейде мегажобаны құру туралы келіскен. «Бәйтерек» - бұрынғы "Ангара" кешені - экологиялық тұрғыда зиянды "Протон" кешенін алмастыруы тиіс-тін. Жобаға Қазақстан даму банкінен 223 млн доллар көлемінде бюджеттік несие де бөлінді. Ол бес жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда, 19 жылға берілген еді. Алайда кейіннен ресейлік тарап мойнына алған жүктемелерді орындаудан бас тартқаны белгілі. Бюджеттік кредитті қайтару мерзімі болса, таяп қалды. Сондықтан комитет төрағасы қарызды банкке қайтару кезеңін 2019 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Жалпы осындай жобаға бюджеттік несие бөлу бастапқыдан дұрыс қадам болмады, дейді Мұсабаев. "Жобаның келешегін, жалпы қажет пе, жоқ па - соны айқындауымыз керек" деген ойда.

Талғат Мұсабаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы:

Мен қаржыгер, экономист емеспін. Қарыз берілген уақыт бюджеттік несие беру сәнге айналған кезең еді. Техникалық жағынан өте күрделі жобаға осындай несие бөлу әлемде болмаған жағдай. Ал ғарыш кешеніне жауапты басшылық Ресейде ауысып кетті. Енді олардың жобаға көзқарасы басқаша. Бұл жоба қазақстандық қана емес, қазақстандық әрі ресейлік екенін түсініп отыр. Ресей жобаны қаржыландыруға қатысу керек. Бұл біздің басты мақсатымыз. Қаржы және техникалық шығынға біз ғана батпауымыз керек.

Мәжілісмен Рауан Шаекин де баяндамашымен толық келісті. Ауқымды жоба еліміздің имиджиіне әсер етсе, барлық несиелерден бас тартып, мемлекет тарапынан қаржыландыру керек дейді. Сондай-ақ 223 миллион доллардың 80 миллионы жұмсалып қойғанын ескерген ол, қалған қаражаттың тағдырына алаңдаулы.

Рауан Шаекин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі:

Талғат Амангелдіұлымен толық келісемін. 223 миллион долар деген тым аз. Бұл, біріншіден. Екіншіден, шынымен кешен Қазақстанның имиджін жақсартатын болса, оны несиелеу дұрыс емес. Мемлекет қаржыландыруы керек.

Десе де, үкіметаралық зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы Мәжіліс депутаттарымен ратификациялады. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА