Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада қайта сайланған Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі өтті

  • AstanaTV
  • 29 сәуір 2015
  • 2271

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында қайта сайланған Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі өтті. Салтанатты  рәсімге Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелерi мен Жоғарғы Сот судьялары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері мен өзге де қонақтар қатысты.  Ұлықтау рәсімі өтетін залға ең алдымен Қазақстан Республикасының Туы, штандарты мен Конституциясы әкелінді. Елбасы Ақордадан шыққан сәттен бастап, Тәуелсіздік Сарайына дейінгі аралықты  салтанатты кортежбен жүріп өтті.

Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов Қазақстан Республикасы Конституциясының 42 бабына сәйкес ант қабылдау сәтінен бастап Президенттің өз қызметіне кірісетінін жариялады. Сонымен қатар, Ата Заңға сәйкес, Республика Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға қолын қойып, халыққа ант берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн.

Міне, осы сәттен бастап Президент ресми қызметiне кiрiскен болып саналады. Ұлықтау рәсімінде Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Елбасына Қазақстан Республикасы Президентiнiң куәлiгiн тапсырды. Мен Қазақстанның жарқын болашағы жолында қандай тәуекелге де бармын, -деген  Нұрсұлтан Назарбаев, өткен сайлау Қазақстан халқының кемеңгерлігін бүкіл әлемге паш еткенін жеткізді. Қазақстан үшін дамудың жаңа кезеңі басталғанын атай келе, Мемлекет басшысы «Біз ұрпаққа көркейген елді, нығайған бірлікті, мызғымас тұрақтылық пен еселенген байлықты мирас етеміз. Дамудың даңғыл жолына  аяқ басамыз. 5 халықтық реформаны табысты жүзеге асырып, болашағы біртұтас елге айналамыз», - деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен үшін ел сенімінен асқан мәртебе жоқ. Сол сенімді ақтаудан артық бақыт жоқ. Сол себепті мен Қазақстанның жарқын болашағы жолында қандай тәуекелге де бармын. Біз барша әлемге Қазақстан халқының күші мен бірлігін, ұйымшылдығын паш еттік. Өткен сайлау дауыс берушілердің жаппай қатысуы арқылы тарих қойнауына енетін болады. Қазақстандықтар тағы бір мәрте халыққа қызмет етуге шақыра отырып, маған ұлы сенім артты.

Инаугурациядан кейін Қазақстан Үкімет отставкаға кетті. Бұл туралы президент жарлық қабылдады - деп, Ақ Орданың баспасөз қызметі хабарлады.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА