Русский Сайттың толық нұсқасы

«МайқайынАлтын» кен орнында төтенше жағдай орын алып, бір адам қаза тапты

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2015
  • 1820

Бүгін «МайқайынАлтын» кен орнында оқыс оқиға орын алды. Таңғы сағат 7-лер шамасында алты жұмысшының үстіне тау жынысы құлап, бір адам қаза тапты.  Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті оқыс оқиғаның болғанын растады. Олардың мәліметінше, қазір оқиға орнында арнайы топ жұмыс істеуде.

Индустриялық даму және өндірістік қауіпсіздік комитетінің аймақтағы өкілдері, тау жынысы жұмысшылар тынығатын шағын вагонның үстіне құлағанын, айтады. Оқиға болған кезде онда алты адам демалып отырыпты. Жарақаттанған екі кеншіге шұғыл медициналық көмек көрсетілген. Алайда, біреуі алған жарақаттан оқиға орнында көз жұмыпты.

1987 жылы туған Серікбол Бораншы аталған кеніште бірнеше жыл жұмыс істепті. Көп балалы отбасының кенжесі. Үйленген, артында 3 жасар баласы мен әйелі қалып отыр. Алдын ала болжамға сәйкес, оқыс оқиғаның орын алуына нөсерлі жауын себеп болды деген болжам бар. 

Марат Келдібеков,ҚР Индустриялдық даму және өндірістік қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы:

Оқыс жағдай жұмысшылар шахтадан шыққан кезде, яғни ауысым соңында болған. Олардың не себепті сол кезде онда болғанын арнайы комиссия анықтайды. Оқиғаны егжей-тегжейлі тексеру үшін, арнайы комиссия құрылады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ