Русский Сайттың толық нұсқасы

Бразилиялық джиу-джитсудан Қазақстан құрамасы спортшылары 9 алтын алды

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2015
  • 1431

Сәуірдің 17-сі мен 19-ы аралығында бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионаты өтті. Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен жарыста Қазақстан құрамасының спортшылары 9 алтын, 10 күміс және 10 қола медальді иеленіп, командалық есепте үшінші орынға қол жеткізді. Тақырыпты Самат Қанағатов тарқатады. 

Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатына 100-ге жуық мемлекеттен келген 4 мыңға жуық спортшы татами төріне шығып, өз өнерлерін көпшілік алдында паш етті. Дүбірлі додаға қатысқан Қазақстан құрамасының спортшылары ел сенімін ақтап, жалпы саны 29 жүлде ұтып алды. Турнир барысында жасындай жарқараған Арманжан Рузахуновтың шәкірттері 9 салмақ дәрежесінде алтын жүлдені құрама қоржынына салды. Әлем біріншілігінен олжалы оралған Қазақстан құрамасының спортшылары біраз тынығып алғаннан кейін алдағы уақытта өтетін жарыстарға дайындығын бастайды.



Велоспорттан «Джиро де Италия» веломарафоны жалғасуда. Рапалло және Сестри Леванте қалаларының арасында өткен 3-ші кезеңде Австралия спортшысы Майкл Мэттьюс жеңіске жетті. 136 шақырымнан тұратын жазық жолды Мэттьюс 3 сағат 33 минут 53 секундта бағындырды. Жеңімпазбен бір уақыт көрсеткен «Трэк» клубының өкілі италиялық Фабио Феллине екінші орынды иеленсе, үшінші сатыны «БМС» командасының өкілі Филипп Жильбер еншіледі. «Астана» клубының спортшылары жарысты пелатонның ішінде аяқтады. Жалпы есепте өзгеріс жоқ. 3 кезеңнен кейін «Орика Грин Эйж» командасының капитаны австралиялық Майкл Мэтьюс жарыс лидерінің қызғылт жейдесін сақтап қалды. Одан 6 секундқа қалып тұрған отандасы Саймон Герранс екінші сатыда қалса, үшінші орын Саймон Кларктың үлесінде. «Астана» командасының капитаны Фабио Ару жалпы есептегі 9-шы орнын сақтап қалды. Ол көшбасшыға небәрі 23 секунд ұтылып келеді. 

Самат ҚАНАҒАТОВ