Русский Сайттың толық нұсқасы

Бизнесмен «адам ұрлады» деген күдікке ілікті

  • AstanaTV
  • 13 мамыр 2015
  • 1635

Шымкентте киім сататын ірі сауда желісінің қожайыны, «адам ұрлады» деген күдікке ілінген. Ол қазір Әл-Фараби аудандық сотының санкциясымен «үй қамақта» отыр. Бұл жайында арнамызға аталған ауданның прокуроры Хали Маматаев айтты. Жәбірленуші 28 жастағы Тахир Тахтаходжаев өзін 29-сәуірде, белгісіз адам көлікке мінгізіп алып, таулы аудандағы саяжайлардың бірінде бірнеше күн қамап ұстағанын, аяусыз ұрып-соққанын айтады. Оның сөзінше «ақша қарызсың» деп қинаған қожайыны, 200 мың теңге шамасындағы қаржыны 2 млн теңге қылып қайтаруға мәжбүрлеп, тілхат жаздырып алады. Кезекті қинау кезінде әзер қашып құтылған жәбірленуші, келесі күні полицияға шағым түсірген.

Тахир Тахтаходжаев, жәбірленуші:

200 мың теңгедей қаражатты алғаным рас, заңсыз. Бірақ мені қинау кезінде қожайынға «менің 220 мың теңге алашағымнан ұстап қалыңыз. Ол аз десеңіз тегін жұмыс істеп берейін» деп жалындым. Бірақ ол ұрып-соғуын тоқтатпады. Үнемі жалақымды түгел бермейтін. Қазір жалғыз жүруден қорқам. Үй маңын торуылдап жүргендер көп.

Ал күдікті ретінде танылған дүкен қожайынынан мән-жайды білу мүмкін болмады. Есік сыртынан тілдескен күдіктінің анасы «бұл туыстар арасында болған жәйт. Ол бала ақша ұрлаған» дегеннен өзге ештеме айтпады. Қазіргі таңда аталған жәйт бойынша Қылмыстық Кодекстің бес бірдей бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Хали Маматаев, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының прокуроры:

Тергеу амалдарын жүргізу барысында, «адам ұрлау» фактісі және «тонау» фактісі анықталып, қосымша тағы да екі баппен қылмыстық істер қозғалып, ол қылмысты жасаған азамат осы қаладағы Дефиле сауда дүкендерінің басшысы анықталып, оған «үй қамаққа» алу туралы бас шарасы қолданылып отыр. Қазіргі таңда аудандық прокуратура бұл шешіммен келіспей, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының аппелляциялық коллегиясына протест келтіріп, ол қаралу сатысында тұр.

Қазір сауда орталығы басшысының жанында болған күдіктіге іздеу жарияланды. Ол бойынша сырттай «қамаққа алу» туралы қаулы аудандық сотқа жолданған.

Айта кетейік, күдіктіге қатысты өз қызметкерлерін ұрып-соғу, бопсалау дәйектері бұдан бұрын да орын алған сыңайлы. Құзырлы орган келтірген мәлімет бойынша қазір тағы үш жұмысшыдан полицияға арыз түскен.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ