Русский Сайттың толық нұсқасы

«Астана» велокомандасының капитаны Фабио Ару үшінші орынға қол жеткізді

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2015
  • 1098

Италияның «Ювентус» командасы чемпиондар лигасының ақтық сынына шықты. Жартылай финалда Мадридтің «Реал» клубымен сынға түскен Массимилиано Аллегридің шәкірттері екі кездесу қорытындысы бойынша 3-2 есебімен жеңіске жетті. Енді финалда «Барселона» және «Ювентус» командалары бас жүлдені сарапқа салады.

Велоспорттан «Джиро де Италия» веломарафоны жалғасуда. Ла Специя және Абетоне қалаларының арасында өткен 5-ші кезеңде Словения спортшысы Ян Поланц жеңіске жетті. 152 шақырымнан тұратын таулы жолды Поланц 4 сағат 9 минут 19 секундта бағындырды. Жеңімпаздан бір жарым минутқа қалып қойған Франция спортшысы Сильвен Шаванель екінші орынды иеленсе, үшінші сатыны «Астана» командасының капитаны Фабио Ару еншіледі. «Астана» клубының тағы екі спортшысы Микель Ланда мен Дарио Катальдо жарысты алғашқы ондықтың ішінде аяқтады. Жалпы есепте көшбасшы ауысты.

5-кезеңнен кейін «Тинькофф Саксо» командасының капитаны испаниялық Альберто Контадор жарыс лидерінің қызғылт жейдесін иеленді. Одан 2 секундқа қалып тұрған қазақстандық клубтың капитаны Фабио Ару екінші орынға көтерілсе, үшінші орын австралиялық Ричи Порттың үлесінде. «Джиро де Италия» велокөпкүндігінің 6-шы кезеңі Монтекатини Терме және Кастильоне делла Песка қалаларының арасында өтеді. Бұл сында командалар 183 шақырымнан тұратын жазық жолда бақ сынайды. 

Самат ҚАНАҒАТОВ