Русский Сайттың толық нұсқасы

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мәслихат сайлауына қатысады

  • AstanaTV
  • 11 ақпан 2016
  • 1363

Алматы қалалық мәслихатына «Нұр Отан» партиясының атынан үміткер болып, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының төрайымы Ләззат Қалтаева тіркелді. Партияның қалалық филиалында өткен 18-ші кезектен тыс конференцияда осындай шешім қабылданып, үміткер бүгін құжаттарын тапсырды. Ләззат Қалтаева Түрксіб ауданындағы нөмірі 33 округ бойынша депутаттық мандаттан үміткерлер тізіміне енгізілді. 

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауында, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға назар аудару жайы айтылған болатын. Осы бастама бүгінде жүзеге асырылып жатыр», - дейді Ләззат Қалтаева. Сондай-ақ үміткер «мүгедек азаматтардың сайлауға қатысуы кемтар жандардың мәселесін көтеріп, оларға жағдай жасау жолындағы жаңа мүмкіндік» деп біледі.

Ләззат Қалтаева, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы ҚБ төрайымы:

Мемлекет басшысы халыққа арнаған жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек назар аудару керектігін айтты. Мәжіліс пен мәслихатқа үміткерлер тізімінде мүгедек адамдар бар. Бұл өте дұрыс. Партия барлығына бірдей қарап, сайлау науқанына қатысуға мүмкіндік беріп отыр.

Самат ҚАНАҒАТОВ