Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ислам мемлекеті» содырларының құрамында соғысып жатқан отандастарымыз жіті бақылауда

  • AstanaTV
  • 26 мамыр 2015
  • 1007

Отандастарымыздың «ислам мемлекеті» содырларының құрамында соғысуы - Қазақстан үшін «мәдени шок». Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов осылай деді. Елордада өтіп жатқан Таяу Шығыстағы бейбітшілік мәселелері жөніндегі БҰҰ-ның бұқаралық ақпарат құралдарына арналған халықаралық семинарда министр, ондай ұйымдарға қызығушылық танытатын адамдардың бақылауда екенін, айтты. Екі күндік семинарға Таяу Шығыс елдерінің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, саясаткерлері мен сарапшылары қатысып жатыр. 

Бұл зал бүгін палестиналықтар мен израильдіктер үшін диалог алаңына айналды. Жиында жалпы Таяу Шығыс елдерінің бейбітшілік мәселелері қаралды. Бірақ көпшілік Израиль мен Палестинаның қас-қабағын аңдаумен болғандай. Айдың-күннің аманында бір дастархан басына отырмайтын қос тарапты Астана бір алаңға жинады. БҰҰ-ның бұқаралық ақпарат құралдарына арналған семинары болғандақтан, екі елдің келіссөздерінде журналистердің ерекше рөлі туралы да айтылды. Дәл осы күндері Астана текетірестегі тағы бір тарапқа делдал болып отыр. Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Сирия оппозициясының өкілдері арасында келіссөз жүріп жатыр. Жабық жағдайда.

Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Келіссөздерге 30-дан астам адам қатысып жатыр. Олар әр түрлі топтардан. Бұл біздің келіссөздер емес, бұл - сириялықтардың келіссөздері. Біздің міндет - олардың қарым-қатынасына оңтайлы жағдай жасау. Бүгін екінші күн. Кешегі күні қос тарап іскерлік пен конструктивті көзқарасын байқатты. Ал ертең соңғы үшінші күн. Келіссөздер біткенде, қатысушылары тілшілерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, бәрін айтып береді. Мен де жеке баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, келіссөздерді жүргізудегі Қазақстанның көзқарасын білдіремін.

Ал БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Кристина Галлах келіссөздерге сириялық оппозиция өкілдерінің аз ғана тобы қатысып жатқанын айтты. Сондықтан олар барлық топтар атынан сөйлей алмайды, деп санайды шетелдік мейман. Таяу Шығыстың проблемасы тек қана семинарлармен шешілмейді деген ойда палестиналық журналист.

Малак Мансур, «WAFA NEWS AGENCY» бас редакторы (Палестина):

Менің ойымша, бұл қақтығыстар семинарлардан күрделірек. Бұл жерге екі тараптың өкілдері шақырылса да, біз бір шешімге келеміз, деп ойламаймын. Бірақ бұл тілдесу мүмкіндігі. Палестинада қойылған қабырғаның психологиялық әсері де ауыр. Бізге диалог керек.

Гидеон Леви, журналист (Израиль):

Палестина мен Израиль қатар тұрып сөйлесе алмайтын, қазіргі кезде бұл семинардың маңызы бар. Израильдің жаңа билігі жақсылық әкеледі деп ойламаймын. Бірақ бұған дейінгі биліктің де бергені шамалы. Ал "Ислам мемлекеті" содырлары мен Израиль-Палестина арасында байланыс жоқ. ИЛИМ - араб және мұсылман елдерінің бас ауруы.

Өздерін «ислам мемлекеті» атап жүрген содырлар мұсылман елдері үшін шынында да бас ауруға айналды. Өкінішке орай, олардың кесірі Қазақстанға да тиіп жатыр.

Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Біздің қоғам үшін, ел үшін отандастарымыздың осындай жиіркенішті ұйымның құрамында болуы "мәдени шок" деуге болады. Тиісті органдар, өздері айтқандай, мұндай ұйымдарға қызығушылық танытатындарды жіті бақылауға алған. Біз оларды «ислам мемлекеті» деп атамаймыз. Олар бұл атауға лайық емес. Біз арабтар сияқты оларды ДАЕШ деп атаймыз.

«ДАЕШ» - бұл «Ирак және Левант Ислам мемлекетінің» жаңа атауы», - деп түсіндірді министр. Арабтар, өздерін мұсылман деп санайтын содырлар мұсылман атануға лайық емес деп, осы атауды шығарған. Қазір «ДАЕШ» атауын әлемнің көптеген елдері қолдана бастады. Араб тілінен аударғанда, ол «аяқпен езілген» немесе «іріткі салушы» деген мағына білдіреді. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ