Русский Сайттың толық нұсқасы

Бурабайда Тәуелсіз мемлекеттер үкіметтерінің басшылары және Еуразиялық үкіметаралық кеңесінің жұмысы аяқталды

  • AstanaTV
  • 29 мамыр 2015
  • 1354

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы үкіметтерінің басшыларының және Еуразиялық үкіметаралық кеңесінің Бурабайдағы жұмысы аяқталды. Бүгін Достастық шеңберіндегі қарым-қатынасты реттейтін жиырмадан астам құжатқа қол қойылып, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ең алғашқы халықаралық келісім жасалды.

Бурабайға ТМД-дан келген делегациялар басшыларының отырысына қатысқан Мемлекет басшысы «созылмалы экономикалық дағдарыс жағдайында тығырықтан шығудың интеграциядан басқа балама жолдары жоқ» екендігін алға тартты. Күрделі саяси, экономикалық жағдайды түзеудің өзі білетін жолдарымен бөліскен Нұрсұлтан Назарбаев, қадірлі қонақтарға жұмыстан бір сәт серігіп, казино ойнап тынығып, жұмысқа кірісуге үндеді. Бурабайдан тілшіміз Азамат Алдоңғаров баяндайды.

Бурабай жиынының екінші күні күтілгендей нәтижелі болды. ТМД бойынша 23 келісімге қол қойылды. Қазақстан жоспарлағандай, серіктес мемлекеттермен жүк тасымалы бойынша түйткілді мәселелерін біржола шешетін келісімге қол жеткізді.

Жалпы логистика бағыты - Қазақстанның алыс-жақын болашағында негізгі табыс көзі – шикізатты - ығыстыратын перспективті сала. Мемлекет басшысы жиналған қауымға Қазақстан тоғыз жолдың торабы болуға қаржы аямайтынын ашық айтты. Еліміз алдағы жылдары инфрақұрылымды дамыту арқылы, сауда көлемі күн санап артып келе жатқан Еуропа мен Қытай алыс-берісінен пайда көруді көздейді. Қазірдің өзінде кәрі құрлық пен Қытайды жалғайтын күре жолдың Қазақстан-Қытай бөлігі тәмам. Ендігі кезек – Ресейде, - деді президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Автомобиль магистралінің құрылысын аяқтаймыз. Ол Қытайдан Ресей шекарасына дейінгі 2700 шақырымдық заманауи автобан болады. Үстіміздегі жылы біз аяқтаймыз. Осынау тамаша жолдың бойында көптеген бизнес орындары пайда болады. Мен Дмитрий Анатольевичке осы жолды Ақтөбеден Қазан, Санкт-Петербор және Еуропаға дейін созуды ұсынамын.

Нұрсұлтан Назарбаевтың болжауынша, жақын болашақта Ресей-Қытай алыс-берісі 200 млрд долларға артуы тиіс. Тиісінше арадағы тауар айналымы да бес есеге артады. Қазақстан осы керуен көшін өзіне тартып, қаражат табуды көздейді. Еліміздің олжалы болуына барлық негіз бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаңа жібек жолы арқылы жүк өтімділігі 10 млн тоннадан 50 млн-ға жетеді. Қытай мен Ресей арасындағы сауда айналымы көлемі 600 млрд доллардан 800 млрд-қа дейін артады. Біздің міндетіміз - жүк тасымалын Қазақстан аумағы арқылы өткізуге жол ашу. Теңізбен 45 тәулікте жеткізілетін жүкті темір жол арқылы 15 тәулікте жеткізуге болады. Басты пайдасы да осы.

Инфрақұрылымдық дамумен қатар, Елбасы Қазақстанның саяси құрылымын да өзгертуге ниетті. Жалған, жалаң демократияның ішкі тұрақтылықтың шайқалуына алып келетінін үнемі айтатын президент, іштегі саяси реформаларды сатылы түрде жүргізу ойын жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің демократияның көздейтіні - мемлекетті халық алдында есепті қылу. Барлық ісіміз ашық болуы тиіс. Әлі күнге дейін бізде президенттік билік. Өздеріңіз де президенттік биліктің күшті вертикалі қалыптасқанын білесіздер. Орта тап өкілдері санының ұлғаюына орай, оны әлсіретіп, Үкіметке өз бетінше жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, Парламентке де мол өкілеттік беру қажет шығар.

Нұрсұлтан Назарбаев ең дұрыс, қажет реформалар қиын саяси һәм экономикалық жағдайда жасалуы тиіс деген байламына бекем. Соның бір дәлелі - алғашқы бастама көтерілген күннен кейін араға 14 жыл салып құрылған Еуразиялық ортақ экономикалық кеңістік. Әу дегенде көпшілік күмәнмен қараған одақтың бүгінгі әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында керісінше өрісін кеңейтуі - оқшау мемлекет болып дамудың мүмкін еместігін аңғартып отыр. Бүгін еуразиялық бестіктің сауда географиясы Оңтүстік-Шығыс Азияға қарай кеңейді. Одақ пен Вьетнам арасында еркін сауда аумағы құрылды. Бұл Бурабай кеңесінің ерек жеңісі, одақтың алғашқы бес айлық жұмысындағы алғашқы халықаралық келісімі. Жаһандық қауіп жүгін жұмыла көтерсе, жеңіл болатынын өсиет еткен Қазақстан басшысы шенділерді жұмыс пен демалысты ұштастыра білуге үндеді.

Сегодня же пятница. Вы же можете остаться здесь 2 дня отдохнуть, в казино играть?

Түйінді мәселелерді әсем табиғат аясында талқылаған үкіметаралық кеңестің жұмысы этноауылдағы үлкен аспен қорытындыланды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ