Русский Сайттың толық нұсқасы

Ислам мемлекеті содырлары қатарында «джихад» жасауға Сирияға аттанып, елге қайта оралғысы келген Тәжікстан азаматтарына қатысты қылмыстық жаза қолданылмайды

  • AstanaTV
  • 01 маусым 2015
  • 1322

Ислам мемлекеті содырлары қатарында «джихад» жасауға Сирияға аттанып, елге қайта оралғысы келген азаматтарын тәжік билігі қылмыстық жазаға тартпауға уәде берді. Бұл туралы Тәжікстан Ішкі істер министрлігінің сайтында жарияланды деп жазады Интерфакс.  Сондай-ақ, ведомство Сирияға аттануды жоспарлап отырғандардың ата-аналарына бұл туралы ақпарды дер кезінде хабарлауға үндеді. Жалпы Тәжікстанның Жоғарғы соты Ислам мемлекетін террористік ұйымдар тізіміне енгізген. Ал оларға қосылған азаматтарға «терроризм» бабы бойынша айып тағылады.

Жуырда бұқаралық ақпарат құралдары, Ислам мемлекеті содырлары қатарына Тәжікстанның Ерекше мақсаттағы милиция жасағының командирі, бірнеше рет АҚШ пен Ресейде әскери дайындықтан өткен Гулмурод Халимовтың қосылғанын жариялаған болатын. Өткен аптада ол видеоүндеу жасап, жақында Тәжікстанға оралып, онда шариат заңдарын орнататынын айтқан. Тәжікстан Ішкі істер министрлігінің дерегінше, бүгінде Ислам мемлекеті содырлары қатарында 386 тәжік азаматы соғысуда. Олардың қырыққа жуығы Сирияға бүкіл отбасыларымен бірге аттанса керек.


Жұрағат БАМАН